Ақтөбеде газ жарылып, бір отбасы баспанасыз қалды

27 Ақпан 2019, 21:21
2172
Бөлісу:
Ақтөбеде газ жарылып, бір отбасы баспанасыз қалды

Ақтөбе облысы, BAQ.KZ. Әйтеке би ауданының орталығы Комсомол ауылында газ баллоны жарылып, баспана қирап қалды. Абырой болғанда адамдар аман. 

"ҚазАқпарат" ХАА-ның мәліметінше, тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп, уақытша баспана берілген.

«Оқиға болған жерге барып, жағдаймен таныстым. Адамдарға еш қауіп төнген жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, газ қазандығынан еш ақау болмады. Тек газ плитасынан газ шығып кетіп, ол жиналып, үйге жалғанған құрылысты қиратып жіберген. Арнайы комиссия құрылып, жұмыс жүргізіп жатыр. Отбасына уақытша үй беріліп, көшірілді. Оларға көмек беріледі. Қалпына келтіру жұмыстарына жұмысшылар көмектеседі», - деді Әйтеке би ауданының әкімі Мәлімбет Ибрашев. 

Ал үйсіз қалған ауыл тұрғыны Руслан Тәжімановтың айтуынша, қазір ол 4 баласымен пәтер жалдап тұрып жатыр.

«Оқиға жексенбі күні болды. Бәрі дін аман. Жарылыстың неден болғанын білмейміз. Әкімдік келіп қарады, уақытша баспана берді. Бірақ берілген үйде су, жылу, әжетхана да жоқ, балалардың мектебіне алыс. Сондықтан пәтер жалдадық. Үйде анам, қарындасым, барлығы 8 жанбыз. Тума- туыстарым көмектесіп жатыр. Көктемде үйді қайта салуға тура келіп тұр», - деді ол.

Еске сала кетейік, бүгін таңғы сағат 06:21-де Тараз қаласындағы 9-шағынаудан, 62-үй, 4-подъездегі жарылыстың салдарынан 1-3 қабаттың опырылуы орын алды. ҚР ІІМ ТЖК күштері оқиғаға қажетті мамандар мен техниканы жұмылдырып, үй тұрғындарының барлығы қауіпсіз жерге көшірілді. Тараздағы оқыс оқиға жөнінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Премьер-министр Асқар Мамин шұғыл түрде баяндап, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбектің төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылды. Және Тараздағы жарылыс құрбандарының отбасына 1 млн теңгеден берілетінін хабарлаған болатынбыз.


Өзгелердің жаңалығы