Ақтөбеде қаңтарда 33 өрт болды

7 Ақпан 2019, 14:07
2015
Бөлісу:
Ақтөбеде қаңтарда 33 өрт болды

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе облысында қаңтарда 33 өрт оқиғасы тіркелді. 17 тұрғын үй жанған. Көлік өрті де жиілеп тұр. Өрт сөндірушілер дабыл қағады.

Астанада болған қайғылы оқиғадан кейін Ақтөбеде өрт қауіпсіздігін бақылау күшейтілді. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев арнайы тапсырма беріп, қазір тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Арнайы комиссия бәрін мұқият тексеру қажет. Теледидар, газет және басқа да бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кең ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек. Астанада орын алған қайғылы оқиға енді қайталанбауы тиіс»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері мен еріктілер қала іргесіндегі саяжайларда рейд жүргізуді бастады. Бау-бақша ұжымдарындағы тұрғындар үйлерін пешпен жылытады. Мамандар аралап көрген үйлерден көптеген кемшіліктер анықтады. Өрт қауіпсіздігі ережелері мүлдем сақталмаған баспаналар көп. Жылыту пештері шұрық-тесік, жарық сымдары салбырап тұр. Тұрғындардың көгілдір отын жүргізуге шамалары жетпейді. Қазір дені ағаш жағып отыр.

«Тұрғындар өз қауіпсіздіктері үшін үнемі қырағы болуы керек. Қауіпсіздік ережелері үнемі сақталуы тиіс. Балаларға шырпы ұстатпау да маңызды. Себебі, тұрғын үйлердегі өрт көбіне тазартылмаған мұржаның салдарынан болады. Пеш үсті үнемі таза әрі айналасы ашық болуы қажет»,-деді Ақтөбе қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Айбат Жаңабергенов.

Жыл басталғалы аймақта 33 өрт оқиғасы тіркелген. Дені  - тұрғын үй секторларында болған. Көлік өрті де жиілеп тұр. 1 адам зардап шеккен. Ысқа уланған 7 адамның ішінде балалар да бар.

«Өрттен бір адам жарақат алды. Қуанышқа орай, қаза болған жан жоқ. 2019 жылы 9 қаңтарда облыс орталығында болған өрттен бір адам зардап шекті. Өрт шықпай улы газға уланғандар саны – 7. Ырғыз ауданының Нұра ауылында болған оқиға кезінде 3 бала ысқа уланды. Қаңтарда тіркелген өрт оқиғалары былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 35 пайызға аз»,-де облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы Хамида Ищанова.

Облыс орталығында тұрғын үй секторларынан онға жуық өрт шыққан. Қалғандары көлік өрті. Мамандардың сөзінше, келтірілген шығын көлемі 800 мың теңге. Ал. былтыр Ақтөбе облысында 800-ден көп өрт тіркелді. Шығыны 79 миллион теңгені құрайды. 66 адам қайтыс болды.

«Былтыр қызыл жалынның салдарынан 20-ға жуық адам жараланды. Өрт қауіпсіздігін сақтамаған 15 адам улы газбен уланды. 9 оқиға жеке тұрғын үйлерде, алтауы саяжайларда орналасқан баспаналарда болды. Қазір шаһарда ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 65 663 үйді аралап, 194 мыңнан астам тұрғынды қамтыдық», - деді Ақтөбе қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Айбат Жаңабергенов.

Әсел АБАТ
Өзгелердің жаңалығы