Ақтөбе облысындағы мемлекеттік архив кең ғимаратқа зәру

3 Мамыр 2019, 19:04
3396
Бөлісу:
Ақтөбе облысындағы мемлекеттік архив кең ғимаратқа зәру
Фото: автордан

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбедегі мыңнан астам мәдениет және өнер саласының қызметкері "Рухани қазына - 2019" облыстық форумына қатысты. Аймақта былтыр 4 ауылда мәдениет клубы ашылып, осы саланың 15 қызметкері баспаналы болды.

«Рухани қазына - 2019» облыстық форумы екінші рет өтіп отыр. Дәстүрге айналған форумға мәдениет және өнер өкілдерімен қатар Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин де қатысты. Қоғамда мәдениет және өнер қызметкерлерінің беделін арттырып, саланы одан әрі дамыту, тәжірибе алмасу қажет. Осындай мақсатта ұйымдастырылған форумда Ақтөбе облыстық  мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Ақтөбе облысындағы мемлекеттік архив кең ғимаратқа зәру

«Былтыр облыс көлемінде бір селолық мәдениет үйі, 3 селолық клуб салынып, пайдалануға берілді. Алдағы жоспар бойынша құжаттары дайын мекемелерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің айлығы белгіленген тәртіп бойынша төленеді. Қазір кезең-кезеңімен жалақы көтеріліп жатыр. Сол қуантады. Соңғы екі жылда мәдениет және өнер саласының 35 жас маманына жатақханадан бөлме берілді. Үлкен қолдау деп есептеймін. Жатақханада тұрған 5 жыл ішінде өз баспаналарын алуға қаржы жинап алуға мүмкіндік бар», - деді Маржан Қорғанбаева.

Алда аймақтағы 23 мәдени нысанға күрделі жөндеу жүргізіледі. Ақтөбе облысында қазір 200-ден көп кітапхана жұмыс жасайды. 248 мың тұрақты оқырман бар. Алдағы уақытта кітапханаларға құны 30 миллион теңге болатын кітап, журналдар, басылымдар сатылып алынады. Қала және аудандардағы кітапханаларда оқырмандардың назарына аударып, уақыттарын тиімді пайдалану үшін коворкинг-орталықтары ашылып жатыр. Ал, архив саласында мәселе бар. Облыстық мемлекеттік архивке кең ғимарат қажет. Аудандардағы архив бөлімдері де жалдамалы ғимараттарда отыр.

«Архив құжаттарын сақтайтын жеріміз толып қалды. Кең ғимарат қажет. Қазір ескі ғимаратта отырмыз. Біз 7 қабатты ғимараттың жобасын сызып қойдық. Жаңа нысанның көлемі 8 мың шаршы метрді құрайды. Аудандардағы архив бөлімдері де ғимараттарды жалдап отыр», - деді Ақтөбе облысының мемлекеттік архив директорының орынбасары Светлана Книжник.   

«Облыста шамамен 200 клуб, 21 мұражай, 2 театр мен филармония және архивтер бар. Барлығы 500-ге жуық мәдени және өнер мекемесі жұмыс жасайды. Осы салада 3 мыңнан астам адам қызмет етіп жүр. Ең үздік қызметкерлер бүгін марапатталды», - деді Ақтөбе облыстық  мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева.

Мәдениет және өнер саласының үздіктері 19-22 мамыр аралығында өтетін республикалық форумға аймақтың атынан қатысады.

Өзгелердің жаңалығы