Бас жаңалықтар
Ақсуда көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысы аяқталады
30 Мамыр 2019, 11:48 412

Ақсуда көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үй құрылысы аяқталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан тоғыз қабатты тұрғын үйдің құрылысын 2019 жылдың шілде айында аяқтау көзделіп отыр, деп хабарлады pavlodarnews.kz.

Ақсу қаласы әкімі баспасөз қызметінің ақпаратынша, көпқабатты тұрғын үй 144 пәтерден тұрады. Оның ішінде 72 – бір бөлмелі, 72 – екі бөлмелі.

"Ақсу қаласында мемлекет қорынан баспана алу үшін тізімде 2726 адам кезекте тұр. Олардың 1478 әлеуметтік әлсіз топқа жатады, 791 мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, 50 жалғыз баспанасы апаттық жағдайда тұрған азаматтар, 704 жетім балалар. Аталған жобаны жүзеге асыру көп балалы, толық емес және жетім балаларды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деді баспасөз хатшысы Гүләз Солтанова.

Бұдан басқа, биылғы жылы Қалқаман кентінде Степная, 2 және 4 көшелерінде 39 пәтерлік және 46 пәтерлік екі төрт қабатты тұрғын үй қалыпқа келтіру жұмыстарынан кейін тұрғындардың игілігіне тапсырылады. 2017 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Ақсу қаласында 80 пәтерлік бес қабатты тұрғын үй толығымен «Қазақстан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы ұсынылған.

Сондай-ақ, 2018 жылы бой көтерген 80 пәтерлік тұрғын үйден баспанаға кезекте тұрған жетім балалар, көп балалы, толық емес және І,ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар пәтерге қол жеткізді.

Сондай-ақ, «СПК Павлодар» ҰК» АҚ 90 жылдары құрылысы тұралап қалған көп қабатты тұрғын үйді сатып алған болатын. 2018 жылы «АМБ» ЖШС қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізіп, 102 пәтерге көп балалы отбасылар мен бюджеттік саланың қызметкерлері қоныстанған. 



Фото: дереккөз
Загрузка...