Бас жаңалықтар
Ақмоланың Төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеуде
05 Ақпан 2019, 11:37 312

Ақмоланың Төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеуде

Ақмола. Baq.kz тілшісі. Арқада сақылдаған сары аяз күшіне мінді. Осы ретте Ақмола облысының төтенше жағдайлар қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Синоптиктер  4-7 ақпан  күндері аймақта -45 градусқа дейін аяз көтеріліп, боран болады деп хабарлама таратты. Боранға байланысты Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы республикалық маңыздағы жолдар жабылды.

«Осы күндері өңірде мектеп оқушылары мен колледждің 1-курс студенттері үшін сабақ тоқтатылды. Өйткені аяздың беті күндіз қайтқанымен, түнде және таңертең  қатты  болады деп ескертілген. Құтқарушылар қазір аймақ жолдарында полицейлермен бірігіп кезекшілік атқаруда. Ал, жолда қалғандарға көмек көрсететін 230 жылыну бекеті бар. Онда адамдарға ыстық тамақ беріліп қана қоймай, медициналық көмек те көрсетіледі», - дейді Ақмола  облыстық ТЖД баспасөз қызметінің өкілі  Нұрбек  Мусин.

 Сонымен қатар жер үйлерде пеш жағатындардың да абай болуына байланысты ескертулер жасалуда. Себебі, күні кеше ғана Астана қаласында бес бірдей қыз бала өрттің құрбаны болды.

«Қазіргі таңда аймақта ешқандай төтенше жағдай тіркелген жоқ. Барлық аудандар мен қалаларға аяз туралы алдын ала хабарлама таратылды. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарымен де тығыз байланыстамыз», - дейді облыстық ТЖД баспасөз қызметінің өкілі  Нұрбек  Мусин.

Әсем Ұланқызы

Сізден жаңалық