Бас жаңалықтар
Ақмолада жұмыс істемей тұрған лагерьлер қалпына келтіріледі
23 Мамыр 2019, 12:13 272

Ақмолада жұмыс істемей тұрған лагерьлер қалпына келтіріледі

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола өңірінде талай жылдан бері жұмыс істемей тұрған сауықтыру орталықтарын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Бұл туралы балалар туризмін дамыту мәселелеріне арналған жиында айтылды.

Облыстық білім басқармасының мәліметтеріне қарағанда, облыс бойынша 116 607 оқушы сауықтыру орталықтарында демалады. Алдағы жазғы демалыста Ақмола өңірінде 20 балалар лагері қызмет көрсетеді. Маусым айынан бастап Біржан сал, Зеренді аудандарында жаңа демалыс аймақтары жұмысын бастайды.

«Облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында маусым-тамыз аралығында туристік-өлкетану бағыты бойынша саяхаттар мен экскурсиялар ұйымдастырылады. Туған өлке тарихын зерттеуге арналған «Ұлы дала елі» экспедициясына 5 мың оқушы қатысатын болады. 10 мыңға жуық оқушы Ақмола облысының киелі жерлері мен еліміздің басқа аймақтарына саяхатқа шығады. Жазғы демалыста 50 оқушы «Бір апта ауылда» әлеуметтік бастамасына қатысады. Біздің өңір астаналық аймақ үшін танымал демалыс орны болып саналады. Облыс әкімінің тапсырмасымен жұмыс істемей тұрған лагерьлерді қалпына келтіру үшін Жол картасы жасалды», - дейді облыс әкімінің орынбасары Марат Иғалиев.

Жазғы демалыста Ресейдің бірқатар облысынан 40 бала Бурабай баурайының тарихи мекендеріне экскурсия жасайды деп күтілуде. Былтыр Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарынан 150 оқушы Ақмола өңірін аралады.

20 лагерьдің 13-і – мемлекеттік, 7-еуі – жекеменшік. Талай жылдан бері қаңырап бос тұрған жекеменшік балалар сауықтыру орталықтарын қалыпқа келтіру де басты мәселеге айналып отыр. Айталық, Қатаркөлдегі 12 лагерьдің үшеуі ғана жұмыс істеп тұр.

Балалар-жасөспірімдер туризмі республикалық ассоциациясының төрағасы Қайрат Сұлтанов өтпелі кезеңде арзан бағаға сатып алынған балалар лагерьлерінің көбі жұмыс істемей тұрғанын алға тартты. Оның айтуынша, кейбір сауықтыру орталықтары ширек ғасырдан бері қаңырап тұр.

«Мұның себебі де белгілі, балалар туризмі өте жауапты сала, әрі оншалықты пайда әкелмейді. Қатаркөлдегі 12 балалар демалыс аймағының үшеуі ғана жұмыс істеп тұр. Егер әр 10 күн сайын орталықтарда 200-250 баладан демалса, қалған 9 орталықта бір жазда 30 мыңға жуық бала демалуға болар еді. Демалыс аймағын қайта қалпына келтіру үшін алдымен инфрақұрылымды қалыпқа келтіру керек. Осы орайда жергілікті билік жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта канализациялық желілерді монтаждау жұмыстары басталды. Содан соң орталықтандырылған су құбыры тартылады. Қатаркөл мен Бурабай арасында 20 шақырымдық айналма жол салынады. Сондай-ақ, көлді тазарту бойынша да жоба қолға алынады», - дейді Қайрат Сұлтанов.

Биыл Қатаркөлдің инфрақұрылымын дамытуға 8 млрд теңге қарастырылып отыр.

«Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда проблемалар жеткілікті. Бір сөзбен айтқанда, балалар туризмі жеткілікті деңгейде дамымай отыр. Айталық, сауықтыру орталықтарында әлі күнге кеңес дәуірінен бері келе жатқан ескі ас үй құралдары, коммуналдық техника, автобустар пайдаланылады. Осы ретте қажетті құралдарды жылдық 2-3% лизингке алу жағын қарастыру керек», - дейді Қайрат Сұлтанов.

Оның пікірінше, субсидиялау лагерьлерді жаңғыртуға жұмсалатын шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

«Мемлекет тарапынан қолдау болғанда ғана балалар туризмін жыл бойы дамытуға болады. Лагерьлерді ұстап тұруға шығын көп жұмсалатындықтан, жолдама құны да қымбат. Көптеген лагерьлер әлі күнге көмірмен жылытылады. Солтүстік өңірде қыс 6-7 айға созылатындықтан, газбен жылытуға көшу керек», - дейді Қайрат Сұлтанов.

Ассоциация төрағасы ерекше қорғалатын аймаққа кіру үшін төленетін төлем мәселесін де алға тартты.

«Біздің лагерьлер мемлекеттік ұлттық табиғи парктер аумағында орналасқандықтан, бала осында келген уақыттан бастап лагерь иесі оның әр демалған күніне 255 теңгеден төлейді. Биылдан бастап жаңа заң нормасына сәйкес әр қызметкер үшін де төлем жасауға тиіс. Бұл кәсіпкер үшін ауыр жүктеме. Айталық, «Балдәурен» лагері бір жылда 50 миллион төледі», - дейді Қайрат Сұлтанов.

Сауықтыру орталықтары балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бағарламасымен таныстырды.

«Өңірдегі «Discovery Borovoe» биыл балалар бейне-орталығын іске қоспақшы. АҚШ пен Нидерландыдан еріктілер келеді деп күтілуде. Осылайша, қазақстандық балаларға ағылшын тілін үйренуге мүмкіндік тумақ. Сондай-ақ, лагерьге танымал актерлер, музыканттар, журналистер мен спортшылар шақырылады», - дейді «Discovery Borovoe» кешені балалар демалысы департаментінің жетекшісі Елена Барановская.

Атбасардағы «Ишим» сауықтыру кешенінде 700-ге жуық бала демалатын болады. Лагерьге республикалық бюджет есебінен 96 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізілген.

Айта кетелік, облыс бойынша мемлекеттік балалар сауықтыру орталықтарына жолдама құны 18 мыңнан 45 мыңға дейінгі аралықта. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары тегін демалады.


Фото: дереккөз

Сізден жаңалық