Бас жаңалықтар
Ақмоладағы алапат дауыл екі адамның өмірін жалмады
08 Сәуiр 2020, 20:32 244

Ақмоладағы алапат дауыл екі адамның өмірін жалмады

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмолада 7 сәуір күні дауылды ескерту жарияланғаны белгілі. Бірақ бұл ескертудің соңы қайғылы жағдайға ұласатынын ешкім күткен жоқ. Жолындағының бәрін жайпаған алапат дауыл екі адамның өмірін жалмады.

Бұған дейін белгілі болғандай, табиғи апат салдарынан Бурабай ауданы тұрғыны қаза болды. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев марқұмның туған-туыстарына көңіл айтып, өңірде бүлінген нысандардың барлығы қалпына келтіріліп, зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді.

Апаттың салдарынан өңірде тағы бір адамның қаза болғанын хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов.

Белгілі болғандай, зардап шегуші Әуелбеков көшесінің бойында құлаған ғимарат шатырының астында қалған.

1996 жылғы ер азаматтың бас сүйегі қатты жарақаттанған. Облыстық ауруханада ота жасалғанымен, дәрігерлер оның өмірін арашалап қала алмады, - деді қала әкімі Амангелді Смайылов.

Облыстық ауруханаға қаланың 30-ға жуық тұрғыны түрлі жарақаттарымен жүгінген. Бірінің үстіне аялдама, құрылыс материалдары, енді біріне балкон қоршаулары құлап мертіккен.

Сұрапыл дауыл электр желілерін істен шығарып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік, коммерциялық нысан шатырларын ұшырып әкетті. Адамдар да зардап шекті. Желдің екпіні хабарламадағыдан да қатты болғандықтан, нысандар төтеп бере алмады. Енді бүлінген ғимараттарды қалпына келтіру міндеті тұр, - деді қала басшысы.

Облыс орталығымен қатар өңірдегі 188 елді мекен жарықсыз қалды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметтеріне қарағанда, апат салдарын жою жұмыстары қалпына келтірілуде. Мектептер, аурухана, балабақша, кәсіпорындардан бөлек облыс аудандары мен Көкшетау, Степногорск қалаларында 70-тен аса шатырсыз қалды.

Табиғи апаттан келген шығындарды бағалау үшін арнайы комиссия құрылды.


Фото: дереккөз
Загрузка...