Бас жаңалықтар
Ақмолада сақшылар сынға түсті
18 Наурыз 2019, 19:27 694

Ақмолада сақшылар сынға түсті

Астана, BAQ.KZ. Ақмола облысы, Шучье қаласында өткен ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесінің ХІ республикалық чемпионаты өтті.

Жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен 18 құрама қатысып, спорттың қоян-қолтық ұрысы түрінен өзара кім мықтыны анықтады.

«Үш күнге ұласқан додада ерлер арасында Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің әділет аға лейтенанты Ақжол Шардарбеков 55 келі салмақ дәрежесінде, 75 келіде әділет кіші сержанты Сержан Төлепберген ІІІ орынға ие болды. 80 келі салмақта әділет аға лейтенанты Нұрсұлтан Желдібаевқа жүлделі ІІ орын бұйырды. Ал 55 және 60 келі салмақта сынға түскен әділет сержанты Ардақ Төребек, әділет лейтенанты Асхат Жылысбеков І орыннан көріне білді», - деп мәлімдейді Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі.

Аталған сайыста нәзік жандылар да спорттан құр алақан еместіктерін дәлелдеді. Әйелдер арасында 45 келі салмақ дәрежесінде әділет кіші сержанты Айдана Саматова ІІІ орынға табан тіресе, 55 келі салмақта әділет кіші сержанты Рысты Нартова үздіктер қатарынан көрінді. Сондай-ақ, 65 келіде әділет кіші сержанты Нұрсұлу Рахман, 70 келі салмақ дәрежесінде әділет лейтенанты Жансая Еркебаева І орынды жеңіп алды.

Осылайша, жалпы командалық есепте 18 команданың ішінен Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ІІ орынды иемденді. Команданы жарысқа дайындаған жаттықтырушы әділет лейтенанты Ринат Тезекбаев.

Загрузка...