Ақмолада 23 жекеменшік клиника тегін қызмет көрсетуде

10 Наурыз 2019, 12:59
2411
Бөлісу:
Ақмолада 23 жекеменшік клиника тегін қызмет көрсетуде

Ақмола, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында тегін медициналық көмек көрсететін жекеменшік клиникалар саны артуда.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Ақмола облыстық филиалының директоры Нұрлан Ақылбековтың айтуынша, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Ақмола облыстық медсақтандыру қоры тұрғындарға кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсетуге өтінім берген 56 медициналық ұйыммен келісімшарт жасаған.

«Оның 33-і мемлекеттік, 23-і жекеменшік ұйымдар. Өткен жылмен салыстырғанда жекеменшік клиникалар саны артып отыр. Облыс бойынша барлығы 66 медұйым тіркелсе, оның 55 пайызы мемлекеттік, 45 пайызы жекеменшік болып отыр», - дейді Нұрлан Ақылбеков.

Амбулаторлық-емханалық көмек көрсету мемлекеттік емханалардың үлесінде қалып отыр. Бұл ретте Ақмола облысы дәрігерлер жүктемесін азайту жөнінен еліміз бойынша алдыңғы орындардың бірінде.

«Өңірде бір учаскелік дәрігерге 1598 адамнан, бір учаскелік терапевтке 2932 адамнан, бір учаскелік педиатрға 1405 адамнан келеді. Облыс бойынша 460 учаске тіркелген. Онда 273 дәрігер, 103 терапевт, 84 педиатр қызмет көрсетеді Өткен жылы қосымша 24 учаске ашылды. Биыл тағы 5 учаске ашу көзделіп отыр. «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бір учаскелік дәрігердің жүктемесі орта есеппен 1700 адамнан аспауы тиіс», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары Болат Әбішев.

Облыс орталығындағы «Авиценна» жекеменшік емдеу-профилактикалық мекемесі 2017 жылдан бері кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында қызмет көрсететін ұйымдардың бірі.

«Облыс, қала тұрғындары өз қаражаттарын жұмсамай-ақ мемлекеттік тапсырыс негізінде осы мекемеде емделіп, тексеріліп, сондай-ақ ота жасата алады. 2017 жылы пациенттерді компьютерлік томография, МРТ сияқты қымбат тұратын құралдармен тексеруден өткіздік. Былтыр тегін медициналық көмек аясында неврология, нейрооңалту, офтальмология, оториноларингология, гинекология, хирургия, проктология мамандары қызмет көрсеттік. Осы мақсатқа стационарда тәулік бойы 26 төсектік орын бөлініп, 871 науқас емделіп шықты. Олардың 28 % шұғыл науқастар құрады. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында 378 ота жасалды. Биыл жоғарыда аталған мамандардан бөлек, емдеу мекемесі кардиохирургия бойынша тегін медициналық көмек көрсететін болады», - дейді «Авиценна» емдеу-профилактикалық мекемесінің бас дәрігері Жанболат Туғанбеков.

Облыс орталығында мемлекеттік тапсырыс аясында «Басар», «Стомоталогия», «Мырза-Хан», «Invivo», «Көз орталығы», «BB Nura», «Көкшетау теміржол ауруханасы», «Нефрос-Азия» ЖШС сияқты жекеменшік клиникалар медициналық қызмет көрсетеді.

Өзгелердің жаңалығы