Ақмола облысы карантинге жабылады

30 Наурыз 2020, 13:48
1300
Бөлісу:
Ақмола облысы карантинге жабылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев аймақта карантиндік шектеу шаралары режимін енгізуге байланысты мәлімдеме жасады деп хабарлады coronavirus2020.kz.

Бүгін жедел штаб отырысында 31 наурыз сағат 19:00-ден бастап Ақмола облысының аумағында уақытша сипаттағы карантиндік шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылданды. 

Өңір басшысы өз үндеуінде облыста жұқтырғандар саны бүгінгі күні 9 адамға дейін көбейгенін атап өтті.
Елорда маңы, атап айтқанда, облыс аумағында инфекцияның таралу ошағы болып табылады. Ақмола ауданы ерекше алаңдаушылық туғызады. Сондықтан тұрғындарды қауіпсіздендіру және коронавирусты таратпау үшін облыс аумағына уақытша сипаттағы шектеу шараларын енгізу шешілді, – деді Ермек Маржықпаев.
Шектеу шараларының арасында - транзиттік жүк автокөліктері де бар. Сондай-ақ, азық-түлік тауарларымен, дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен, өндірістік тауарлармен және материалдармен бірге облыстың өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының үздіксіз жұмыс істеуін және тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін барлық автокөлік құралдары мен азаматтардың Ақмола облысының аумағына кіруіне және шығуына тыйым салынады.

Бұдан басқа, шектеу шаралары кезінде ірі сауда орталықтары, оларда орналасқан азық-түлік дүкендері мен дәріханаларды, саябақтарды, монша кешендерін, санаториялық-курорттық объектілерді, сұлулық салондарын, шаштараздар, азық-түлік, автомобиль, киім-кешек, құрылыс базарларын, сондай-ақ адамдар көп жиналатын өзге де объектілерді қоспағанда, өз қызметін тоқтатады.

Қоғамдық тамақтандыру объектілері, дәріханалар  өз жұмысын штаттық режимде жалғастырады. Облыс тұрғындарына үйлерінен шыққан уақытта бетперде және бір рет қолданылатын қолғаптар киіп, антисептикпен өңдеу ұсынылады. 65 жастан асқан азаматтарға өзін-өзі оқшаулау режимін сақтау қажет.
Әрине, бұл шаралардың барлығы маңызды болмауы мүмкін. Бірақ аурудың өз ауқымын кеңейтулеріне байланысты бұл шаралардың маңызды және қажет екендігіне сенімдімін, - деп атап өтті Ермек Маржықпаев.


Өзгелердің жаңалығы