ÁMEN 2021. Үздік мультфильм анықталды
31 Қазан 2021, 15:53 87640

ÁMEN 2021. Үздік мультфильм анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістанда өткен Халықаралық ÁMEN фестивалінде өзбек режиссер-аниматоры Азизбек Мухамедовтің «Дом на колесах» мультфильмі «Үздік анимациялық фильм» атанды.

Өзбек режиссері байқауға екі бірдей жұмысын ұсынған. Олардың бірі «Волшебный танбур» қысқа метрлі анимациялық фильмі «Үздік қоюшы суретші» аталымында топ жарса, «Дом на колесах» туындысы фестивальдің «Үздік анимациялық фильмі» деп танылды.

Әмен Қайдаров атындағы фестивальге қатысып, қазақ анимациясындағы достарыммен қауышқаныма өте қуаныштымын. Туындыларымыздың жоғары бағаланып, еңбегімнің еленгені – үлкен мәртебе. Көрермендеріміз бен фильмдерді жасауға атсалысқан шығармашылық топ бұл жүлделерді ерекше ықыласпен қабыл алатынына сенімдімін. «Дом на колесах» өмірде бәрі бар, бірақ арам ниетті адамдардың сөзіне құлақ асамын деп өзгенің сөзіне ілесіп, өз ойынан айырылып қалған жан туралы шығарма,- деп атап өтті Азизбек Мухамедов.

Жеңімпаздар одан бөлек тағы тоғыз аталым бойынша анықталды. Екі бірдей қатысушының жобасы үздік сериал атанды. Тынышқали Тілегеновтің «Бұзығым» және Бекдос Саятұлының «Суперкөлік самұрық» мультхикаясы өзге жұмыстар арасынан оқ бойы озық тұрды.

Өзге шетелдік қатысушылар арасынан Тәжікстан мен Башқұртстан аниматорларының жұмысы жоғары бағаға ие болды. Башқұрт аниматоры Рим Шарафутдинов «Золотой дворец» туындысымен Үздік режиссерлік жұмысты жеңіп алды. Осы аталым бойынша екінші жеңімпаз – «La Gare» қысқа метрлі анимациялық фильмінің режиссері Аян Марокканский. Ал тәжікстандық қатысушысы Лолисанам Улугова «Хувайдо» мультфильмімен Үздік сценарий авторы атанды.

Байқау қоржынына келіп түскен студенттік жұмыстар екі аталым бойынша бағаланды. Мейіржан Төлепбайдың «Жанұя» мультфильмі студенттер арасындағы үздік жұмыс болса, Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері Малика Мақсатқызы мен Қажыбек Гүлнұрдың туындылары «Үздік студенттік режиссерлік жұмыс» марапатын иеленді.

Одан бөлек әділқазылардың арнайы сыйлығымен режиссер Нұргүл Дауытова мен Сұлтан Қыдырбаев марапатталды. Ал режиссер Мейіржан Төлепбай «Көрермен көзайымы» аталымына ие болды.

Байқауға ұсынылған комикстер арасында Мәди Өтегеновтің «Батыл сақшылар» жұмысы үздік деп танылды.

Ал фестивальдің ең жас қатысушылары Түркістан Оқушылар сарайының анимация үйірмесінің тәрбиеленушілері креативті қөзқарасы үшін марапатталды.

Әділқазылар алқасы байқауға келіп түскен жұмыстарды сценарий, режиссура, анимация, кейіпкер, көркемдік шешім бойынша бағалады. Орталық Азиядағы ең ірі анимациялық фестивальде әйгілі шетел аниматор-мультипликаторлары мен отандық білікті мамандар төрелік етті. Олардың қатарында әлемге танымал суретші-аниматор, «Ну, погоди!», «Мулан», «Король лев», «Фиксики» сынды «Союзмультфильм» мен Disney студияларының 40-тан аса жобасына қатысқан Александр Дорогов (АҚШ), ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Роза Мұқанова, кинотанушы, киносыншы Нәзира Мұқышева, Ұлттық киноны қолдау орталығының бас продюсері Адай Әбелдинов, анимация продюсері және режиссер Мусаб Гүндүз (Түркия), режиссер-сценарист, ҚР Мәдениет қайраткері, режиссер-мультипликатор Батырхан Дәуренбеков, сондай-ақ халықаралық кинофестивальдердің жүлдегері Тұрдыбек Майдан бар.

Биыл үшінші рет байқауға барлығы 57 өтінім келіп түсті, оның 49-ы іріктеуден өтті. Халықаралық ÁMEN анимациялық фильмдер фестиваліне отандық және бауырлас түркі елдердің, атап айтқанда Әзербайжан, Башқұртстан (РФ), Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан (РФ), Тәжікстан мен Түркияның мультипликаторлары қатысты.


Фото: дереккөз
Загрузка...