Бас жаңалықтар
АӘК-ті жалақы ретінде қабылдауға болмайды – Мұқышев
20 Қаңтар 2020, 22:42 111

АӘК-ті жалақы ретінде қабылдауға болмайды – Мұқышев

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ. ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Халықты жұмыспен қамту орталықтарына барып, онда атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа ережелерін түсіндірді.

Нариман Мұқышев өңірдегі бағдарламасын Қостанай ауданының Халықты жұмыспен қамту орталығына барудан бастады, оның қызметкерлері вице-министрді АӘК тағайындауға өтініштерді қабылдау барысымен таныстырды. Мұқышев Халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкерлерімен сөйлесіп, атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа қағидаларын сапалы түсіндіру қажеттілігіне назар аударды.
Сіздер консультация беру кезінде азаматтарға ақпаратты дұрыс жеткізулеріңіз керек. АӘК-ті жалақы ретінде қабылдауға болмайтыны туралы хабарлау қажет. Бұл өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға мемлекеттің қолдауы, – деді Нариман Мұқышев.

Жаңа қағидаларға сәйкес, егер отбасының еңбекке қабілетті мүшесі жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің ұсынылған белсенді шараларынан бас тартса, онда ол және оның отбасының барлық мүшелері АӘК алу құқығынан айырылады.

Бұл негізгі мәселе. Тағайындалған АӘК-ке қарамастан, отбасының еңбекке жарамды мүшелері жұмыс істеуі тиіс. Бұл мемлекеттің қолдауымен өмірлік қиын жағдайдан шығуға көмектеседі. Сіз оларға бос жұмыс орындарын ұсынасыз, ал азаматтар өз кезегінде жұмысқа орналасады, – деді ол.

Ол сондай-ақ АӘК алатын отбасылардың балаларына ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап кепілдік берілген әлеуметтік топтама ұсынатынын атап өтті. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін әлеуметтік топтамаға азық-түлік жиынтықтары мен гигиеналық керек-жарақтар енгізілген. 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін мектептерде ыстық тамақ, оқу құралдары мен мектеп киімдерін беру көзделеді. Сондай-ақ, осы санаттағы балалар үшін мектепке дейінгі жол жүру шығындарын өтейтін болады. Медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін болады.

Бұдан басқа, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап кәмелетке толмаған 4 және одан да көп немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студент балалары бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы енгізілді.

Бұл мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына қарамастан 42 496 теңгеден 74 388 теңгеге дейін сараланған мөлшерде төленеді. Қаңтар айында жәрдемақы төлеуге жалпы сомасы 17,7 млрд теңгені құрады. Республика бойынша 368 мың көпбалалы отбасы, оның ішінде Қостанай облысынан 5 мыңнан астам отбасы мемлекеттік жәрдемақы алды, – деп түйіндеді вице-министр.

Нариман Мұқышев жұмыс сапары аясында Алтынсарин ауданы мен Қостанай қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұдан басқа, ол Қостанай облысының қалалары мен аудандарының әкімдіктерімен жаңа форматтағы АӘК тағайындау мәселелері бойынша селекторлық кеңес және Әлеуметтік қызметтер порталында 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап тіркелген мүгедектерді техникалық оңалту құралдарын және қызметтерін ұсынатын өнім берушілермен кездесу өткізуді жоспарлап отыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ағымдағы жылғы 13-14 қаңтарда вице-министр Ақтөбе облысында көпбалалы отбасыларды қолдау және АӘК көрсету мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап ашықтықты, мақсаттылықты, әділеттілікті және жұмысқа ынталандыруды қамтамасыз ету үшін Қазақстанда АӘК тағайындаудың жаңа тетігі енгізілді. Мемлекеттік көмек шаралары кешенді түрде жүзеге асырылады: көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы, жетілдірілген атаулы әлеуметтік көмек, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы балаларға кепілдік берілген әлеуметтік топтама.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...