Ағайынды Рысқалиевтерді елге қайтаруға Андорра мен Швейцария көмектеседі

24 Мамыр 2019, 13:33
2245
Бөлісу:
Ағайынды Рысқалиевтерді елге қайтаруға Андорра мен Швейцария көмектеседі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ұлттық бюро сырттай сотталған ағайынды Рысқалиевтерді елге қайтару үшін Андорра мен Швейцарияның көмегіне жүгінеді. Бұл туралы бүгін  Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның басшысы Қайрат Сүнтаев айтты.


Жыл басында Атырау облысының экс-әкімі Бергей Рысқалиев пен оның ағасы, мәжілістің бұрынғы депутаты Аманжан Рысқалиевке  қатысты сот үкімі шыққан болатын.

"Шетелге қаржыны жасыру бойынша дәл қазір сот алды тергеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жағынан  Андорра мен Швейцарияның органдары көмектеседі. Тыйым салынған мүліктерді қайтару үшін барлық шаралар жасалады", - дейді Қайрат Сүнтаев.

Оның айтуынша, ұлттық бюро қоғамдық резонанс тудырған іс бойынша сот алды тергеу жұмыстарын аяқтаған. Ағайынды Рысқалиевтер сырттай сотталып, мүліктерін тәркілеу туралы шешім шыққан.

"Аса ірі көлемдегі бюджет қаржысын жымқырды және аса ірі көлемде алаяқтық жасады. Мемлекетке үлкен көлемде зиян келтірген жалған кәсіпкерлікпен айналысты және қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастырды. Қылмыстық топ құрды және осы топтың мүддесі үшін қызмет бабын асыра пайдаланды. Аса ірі көлемде пара алды және ресми жалған құжаттар дайындады. Айыптау актісіне сай, Бергей Рысқалиев мемлекетке 72 миллиард теңге зиян келтірген. Іс 754 томнан тұрады. 25 қаңтарда Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Бергей Рысқалиевті - 17 жылға, Аманжан Рысқалиевті 16 жылға бас бостандығынан айыру туралы жаза кесті", - дейді ведомство басшысы.

Сот сонымен қатар ағайынды Рысқалиевтердің туыстарының Қазақстан және шетелдегі банктердегі қаржысын мемлекет қазынасына қайтару туралы шешім шығарған. Оның ішінде Андорра 14 млн доллар, Швейцариядағы банкте 90 млн доллар қаржысы бар.


Өзгелердің жаңалығы