Ертіс өңірінің іздестіру жасақтары халықаралық еске алу вахтасына аттанды

6 Маусым 2019, 14:35
1532
Бөлісу:
Ертіс өңірінің іздестіру жасақтары халықаралық еске алу вахтасына аттанды
Фото: автордан

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің «Панфиловшылар» іздестіру жасағы Ресейдің Тверь облысында өтетін «Ржев. Калинин фронты» халықаралық еске алу вахтасына аттанды.

Халықаралық вахта маусым айының 8-17 күндері аралығында Тверь облысының Зубцов ауданында ұйымдастырылады. Шара Ресей және ТМД елдерінің іздестіру жасақтары өкілдерінің басын қоспақ. Ұлы Отан соғысы жылдарында мыңдаған жауынгер шейіт болған аумақ халықаралық вахта ретінде таңдалуы жайдан жай емес. Тарихқа көз жүгіртсек, 1941-1944 жылдары аралығында осы жерлерде жаумен кескілескен шайқастар өтті.

«Панфиловшылар» іздестіру жасағының командирі Бақытжан Өтеповтің айтуынша, бұл жердегі ұрыстарға қазақ жерінде құрылған 100 және 101-ші дивизиясы қатысты. Бұл құрылымдардың 75%-ы осы жерде мәңгілікке шейіт болды.

«Халықаралық әріптестіктің арқасында ресейлік іздестірушілермен ынтымақтастық көкжиегімізді кеңейтіп келеді. Экспедицияны ұйымдастыруға Ресей әскери-тарихи қоғамы мен үкіметі мұрындық болды. Соңғы үш жылдың ішінде іздестіру шараларына 1740 іздеуші қатысып, 1096 солдаттың сүйегін көтерді. 82 жауынгердің аты-жөндері анықталып, сүйектері туыстарына тапсырылды», - дейді Бақытжан Өтепов.

Павлодарлық іздестірушілер мәскеулік әскери-техникалық қоғамы тарапынан «Ерлік жолы» атты халықаралық шараға қатыспақ. Ұлы Отан соғысының басталуының 78 жылдығына орайластырылған шара барысында отрядтар мүшелері «Мәскеу-Ленинград-Мәскеу» бағытымен көліктермен жүріп өтпек.

Айта кетейік, Ресейдің «Норд» және «Крутояр» іздестіру жасақтарының белсенділері Ленинград түбіндегі кескілескен ұрыстарда қаза болған павлодарлық жауынгер Уахит Қайырхановтың жатқан жерін тапты. Мұрағаттық деректерге сүйенсек, солдат 1916 жылы Ақсу ауданы Құркөл колхозында дүниеге келген. Қан майданға 1941 жылдың ақпанында шақырылып, сол жылдың мамыр айында көз жұмды.

Бүгінде жауынгердің ұрпақтары Павлодар қаласында тұрады. Уахит Қайырхановтың шөбересі Ботагөз Жексенованың айтуынша, бұған дейін аталарының Ленинград өңірінде қазақ тапқаны ғана белгілі болған.

«Атам әкесінің қабірін іздеп, жатқан жеріне баруды армандап өтті. Осы күнге жетпей, жарты жыл бұрын қайтыс болды. Іздестіру жасақтарына айтар алғысымыз шексіз. Ендігі мақсатымыз - атамыздың сүйегін туған жердің төсіне жеткізіп, қара жерге тапсыру», - дейді Ботагөз Жексенова.

Айта кетерлігі, іздеушілер Уахит Қайырхановтың жатқан жерінен батырдың винтовкасы мен жеке заттарын тапты. Алдағы уақытта бұл жәдігерлер реставрацияланып, жергілікті музейлердің біріне табысталмақ.



Өзгелердің жаңалығы