Қызылорда облысында 6 тоннадан астам балық қырылып қалды

6 Қыркүйек 2019, 11:22
2782
Бөлісу:
Қызылорда облысында 6 тоннадан астам балық қырылып қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 4 қыркүйекте «Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» РММ-ға «WhatsApp» мессенджері арқылы Қызылорда облысы Арал ауданы Тоқпан көлінде балықтардың қырылуы туралы ақпарат түскен. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

2019 жылғы 4-5 қыркүйекте Инспекция, Қамыстыбас ауылдық округі әкімдігінің, «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС Арал филиалының, «Казгидромет» РММ филиалының, Арал ауданы АПБ, ветеринарлық қызмет, Қызылорда облысының Табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу, Жұмылдыру дайындығы басқармаларының, Төтенше жағдайлар, Экология департаменттерінің мамандарынан құралған комиссия оқиға болған жерге барды.

«Су айдынының жағалауы зерттеліп, 6,4 тонна өлген балық жиналды. Балықтардың түрлік құрамы: 96% - табан балығының шабақтары, қалғаны – торта, қылыш балық, сазан және көксерке балықтарының шабақтары. Экология департаментінің, ветеринарлық қызмет, «Казгидромет» РММ және «Балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-нің мамандары лабораториялық зерттеулер мен санитарлық-химиялық талдамалар жүргізу үшін су мен өлген балық сынамаларын алды», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта өлген балықтарды жинау және жою жұмыстары жүргізілуде.

Балықтардың қырылу себептері туралы ақпарат лабораториялық зерттеулердің қорытындылары дайын болған соң қосымша хабарланады. 


Өзгелердің жаңалығы