Қарағандыда Аналар кеңесі күні өтті

8 Наурыз 2019, 12:43
2049
Бөлісу:
Қарағандыда Аналар кеңесі күні өтті

Астана, BAQ.KZ. Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы 8 Наурыз мерекесі қарсаңында Аналар кеңесі күнін өткізді, деп мәлімдеді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Достық үйінде өткен Аналар кеңесі күні «Нұр Отан» партиясының ХҮІІІ съезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың берген тапсырмаларын түсіндіруге және насихаттауға арналды.

«Бүгінде Аналар кеңесі қазақстандық патриотизмді, толеранттылықты және этносаралық келісімді, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайтып, сақтауға өзіндік үлесін қосып келеді. Аталған шара аясында облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы, Жанар Кенжеғалиева аналарды төл мерекесімен құттықтап, нәзік жандылардың қоғамдағы рөлін, дамушы еліміздің аналары жан- жақты, заман талабына сай екенін, жаңа бастамаларға мемлекеттің көрсетер қолдауы мен тигізер көмегі жайында сөз қозғады», - делінген облыс әкімдігінің ресми сайтында.  

Кездесуге арнайы келген «Нұр Отан» партиясы Қарағанды филиалы төрағасының бірінші орынбасары Юлия Бадина съезде қаралған мәселелерді шешуге, алдағы 10 жылдыққа, оның ішінде 2021 жылға дейінгі орындалатын тапсырмаларға Ұлттық қордан қосымша қаражат бөлінгенін атап өтті. Ол әсіресе көпбалалы аналарға әр бала үшін 21 мың теңгеден атаулы әлеуметтік көмек көрсетілетіні туралы айтты.

Ал әйелдер қауымына жеке кәсіпті ашып, дамытудағы алғашқы қадамның жасалу жолдарын Қарағанды облысы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Жанаргүл Күлмағамбетова жан-жақты баяндап берді.

Қызметі мен отбасын қатар алып жүрген көпбалалы іскер ана, «Алтын той», «Келін курс» жобаларының авторы - Кәникар Алтын басқосу аясында жас ұрпақты тәрбиелеуде ұлттық сал-дәстүрлеріміздің маңызы зор екенін айтып, жас аналармен ақыл-кеңес бөлісті.

Сондай ақ, басқа да көпбалалы аналар көкейкесті сауалдарын қойып, оларға мардымды жауап алды.

«Әр істі шын ниетіңмен бастасаң, аяғында өз жемісін берері сөзсіз. Аналар кеңесі Елбасы саясатын жүзеге асыруға, ондағы айтылған тапсырманы тындырымды атқаруға, мемлекет тағдырына тың серпін беруге әрдайым атсалысады. Отбасылық өмірде, отбасының дәстүрлері мен адамгершілік ұстанымдары, шежіресі мен тарихы, отбасы мүшелерінің ортақ қызығуы мен мақсат-мүдделері арқылы іске асады. Елбасының көпбалалы аналарды қолдау мақсатындағы жаңа тапсырмалары көңілге өте қонымды және маңызды» ,- дейді Жанар Бейсенбекқызы.

Маңызды шара Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» аясындағы «Шашу» акциясына жалғасты. Шашу - қуаныштың айғағы ретінде жасалатын өте әдемі салтанатты дәстүр. Бұл жақын-жуықпен тәтті-дәмдімен, қолда барымен бөлісіп, сыйлықтар үлестіру. «Намус» әзербайжан ұлттық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гюлага Векил-оғлы Рзаев Майқұдықтағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне сыртқы күртелер, жемістер мен тәттілер таратып, балақайларды қуанышқа бөлесе, облыстық Ассамблея Қайырымгерлер клубының өкілдері жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетті.

Келелі кездесу мен қайырымдылық шарасы аналарды 8 Наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтаумен және облыстық ҚХА-ның Алғыс хаттарын табыстаумен тәмамдалды.

Өзгелердің жаңалығы