Журналистер лигасының бесінші маусымы басталды

21 Қаңтар 2019, 19:29
3226
Бөлісу:
Журналистер лигасының бесінші маусымы басталды

Астана, BAQ.KZ. Астанада футзалдан BAQ league біріншілігінің бесінші маусымы басталады. Үш айға созылатын Журналистер лигасының кеше шымылдығы түріліп, салтанатты ашылу шарасымен қатар, бірінші тур ойындары өтті.

Айта кету керек, биылғы маусым толығымен ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен өтеді. 2016 жылы бастау алған біріншілікке биыл әртүрлі БАҚ өкілдерінен 15 команда қатысуға өтініш білдірген.

«BAQ league» – Қазақстан журналистикасының тарихындағы тұңғыш және жалғыз толыққанды футбол біріншілігі. Бұл жоба БАҚ өкілдері арасындағы ынтымақтастық пен достықты арттырып, жаңа таныстар табуға жол ашып, редакция ішіндегі татулықты күшейтеді. «BAQ league» брендімен БАҚ өкілдері арасындағы шағын футбол біріншіліктері Астанадан бөлек, Алматы және Ақтау сынды қалаларда да ұйымдастырылды. Ал елордамызда өтетін «BAQ league» біріншілігіне апта сайын Алматы, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Шымкент қалаларының да журналистері келіп қатысады. Бұл Лиганың қарқынды дамып жатқанын және журналистер қауымы арасында маңызының артқандығының белгісі. Бүгінде «BAQ league» әр маусым сайын 30-дан аса БАҚ редакциялары мен 300-ден астам журналистің басын біріктіретін елеулі жобаға айналды.

2018 жылдан бастап Журналистер біріншілігі екі Лигаға бөлінген. «А» лигасының командалары жүлделі орындарды өзара сарапқа салса, «В» лигасының командалары Жоғарғы топтың жолдамаларына таласады.

Кеше маусымның ресми ашылу салтанаты өтіп, онда ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов пен Астана футбол федерациясының президенті Малик Хасенов және БАҚ жетекшілері қатысты.

– Қалам мен қағазды серік етіп, эфир арқылы ел қамын күйттеп, халық пен билік арасына алтын көпір орната білген журналистеріміздің допты да түзу теуіп, салауатты өмір салтын ұстанатындықтары қуантады. Біз әріптестеріміздің бұл бастамасын құптаймыз және БАҚ лига жобасын қолдаймыз. Алдағы уақытта бұл біріншілік бұдан да кеңінен қанат жайып, журналистердің жарқын жобасы спорттың басқа түрлерінде де жалғасын таба береді деген үміттемін, – деді Ержан Болатқанұлы.

Бесінші маусым 2019 жылдың 20 қаңтарында басталып, 2019 жылдың 21 сәуіріне дейін жалғасады. Ойындардың барлығы Назарбаев университеттің спорт кешенінде өтеді.

Өзгелердің жаңалығы