Бас жаңалықтар
Түркістандықтардың 90 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылған
13 Ақпан 2019, 20:36 492

Түркістандықтардың 90 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылған

Түркістан, BAQ.KZ. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 2018 жылы 63270 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру керек болса, жыл қорытындысымен 69682 адам қамтылып, жоспар 110,1 пайызға артығымен орындалған. 

Тұрақты жұмыспен қамтылғандардың үлесі 89,5 пайызын құрап, республика деңгейінде жоғарғы көрсеткіштердің қатарында болуда. Жалпы бағдарламаны жүзеге асыруға 12,8 млрд. теңге қаралып, қаржы толығымен игерілді. Бұл туралы бүгін Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев Өңірлік коммуникациялық қызметінде өткен баспасөз жиынында мәлімдеді.

2018 жылы атқарған жұмыстарын қорытындылаған басқарма басшысы аталған жұмыстар 3 бағыт бойынша жүзеге асырылғанын айтты.

«Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде 7953 адамды оқуға жолдау жоспарланған. Олардың қатарында техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпеген және оқу орындарына түспеген мектеп түлектері, яғни 24 жасқа дейінгі жастар да бар. Азаматтарды қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдау барысында ауылға бірінші кезектегі мамандықтарды оқыту ескеріліп, 2588 азамат «Әр ауылға өз шебері» жобасы бойынша оқуға жолданды. Екінші бағыт жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша 2313 адамды қамту жоспарланып, нақты 2425 адам қамтамасыз етілді. Үшінші бағыт халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту шеңберінде 58617 адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылған немесе жоспар 112 пайызға орындалды», – деді Мұхит Баймұханбетұлы.

Өңірдегі жаңадан ашылған жұмыс орындарының 19822-сі немесе 64 пайызы тұрақты, 11179 орны 36 пайызы уақытша жұмыс орындарына жатады. 2018 жылға жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін жұмысқа тартуға 265 бірлік квота бөлінген. Бұл республикалық көрсеткішпен салыстырғанда 0,6 пайызды құрайды.

Сондай-ақ, Республика бойынша бөлінген 1706 квота негізінде облысымыздан 455 отбасы 1768 солтүстік өңірлерге қоныс аударып, квотамен, көшу үшін берілген субсидиямен қамтамасыз етілуде. Қоныс аударған 1768 адамының 845-і еңбекке қабілетті болса, 630-ы жұмыспен қамтылған, 8-і жеке кәсіппен айналысады, ал қалған 285 адам зейнеткерлер мен балалар.

2018 жылы жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 190,4 мың адамға көрсетілетін жоспарланып, қаржы қажеттілігі 16,4 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде 8,0 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен бөлініп, толығымен игерілді.

Облыста 90 998 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. 2018 жылы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында 8,5 млрд. теңге жұмсалып, өткен жылмен салыстырғанда 1,3 есеге ұлғайды.

Сізден жаңалық