9 айда ел экономикасы 3,4%-ға өсті

12 Қазан 2021, 09:17
15996
Бөлісу:
9 айда ел экономикасы 3,4%-ға өсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл қаңтар-қыркүйек айларында ел экономикасының өсу көрсеткіші 3,4%-ға артты. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндады.

Биыл қаңтар-қыркүйек айларында ел экономикасының өсу көрсеткіші 3,4%-ға артты. Осы кезеңде қызмет көрсету секторындағы динамиканың жандануы, нақты сектордағы өсу қарқынының сақталуы, сауданың нығаюы, өндіруші емес секторларда жоғары инвестициялық белсенділік байқалуда. Қаңтар-қыркүйекте нақты сектордағы өсім 3,5%-ды құрады. Қызмет көрсету секторында іскерлік бенсенділік 2,9%-ға дейін өсті. Сондай-ақ ақпарат және байланыс, сауда, құрылыс, су және электрмен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі жоғары өсімді көрсетіп келеді, - деді министр.

Одан бөлек, ауыл шаруашылығында да оң өсім байқалып отыр.

Экономикалық өсімнің маңызды факторы ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту болып отыр. Оның ішінде қомақты инвестицияларды өндіруші емес салаларға тарту байқалуда. Биылғы жылдың 9 айында тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда негізгі капиталға инвестициялардың өсу қарқыны 15,1%-ды құрады, - дейді Ұлттық Экономика басшысы.

Ол баяндап өткендей, инвестиция құрылыс саласында 1,3 есеге, өңдеу өнеркәсібінде 80,6%-ға, саудада 37,8%-ға, ауыл шаруашылығында 36,7%-ға, ақпарат және байланыста 14,3%-ға, жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында 18,9%-ға және қаржы саласында 15,6%-ға өсті.

Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент, Алматы қалаларында және Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалып отыр.

Өзгелердің жаңалығы