Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл елордалық мұғалімдер алғаш рет «Нұр-Сұлтан қаласының құрметті педагогі» медалімен марапатталады.
Бұл туралы «Білім беруді сандық трансформациялау» тақырыбында өткен қалалық тамыз конференциясының пленарлық отырысының тікелей эфирінде қала әкімі Алтай Көлгінов айтты.
Биыл алғаш рет елордалық мұғалімдер «Нұр-Сұлтан қаласының құрметті педагогі» медалімен марапатталады. Сондай-ақ медаль иегерлеріне 830 мың теңгеден (300 АЕК) төленеді.
Мемлекет басшысы мұғалімдердің жағдайын жақсарту үшін айрықша көңіл бөлуде. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы 25%-ға көбейді. 2024 жылға дейін тағы 25%-ға өседі. Өткен жылы тұрғын үй сатып алу үшін әлеуметтік жәрдемақы түрінде 1 млн теңге сомасына өтеусіз негізде 275 тұрғын үй сертификатын бөлдік. Осы жылы да мұғалімдердің тұрғын үй жағдайын жақсартуға көңіл бөлеміз, - деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.
Қала әкімі биыл «Қазақстандық ипотекалық ұйыммен» бірлесіп 1 мың әлеуметтік пәтерді іске асыру туралы келісімге қол қойылғанын айтты. Бұл баспанаға мұғалімдерден басқа медицина қызметкерлері, полицейлер, әлеуметтік қызметкерлер, мәдениет және спорт қайраткерлері де үміткер бола алады.