7 үміткердің бағдарламасы арасындағы сайлау болды – Мұхтар Манкеев

10 Маусым 2019, 22:05
3692
Бөлісу:
7 үміткердің бағдарламасы арасындағы сайлау болды – Мұхтар Манкеев

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. 9 маусымдағы кезектен тыс президент сайлауы сайлаушылардың белсенділігімен көзге түсті. «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысының кеңес төрағасы Мұхтар Манкеев кешегі саяси науқанға қатысты осындай пікір айтты.

Мұхтар Манкеевтің айтуынша, жексенбі күнгі сайлау сайлаушылардың белсенділігімен есте қалады.

«Өз басым сайлау учаскесіне ертерек бардым. Бірінші көзге түскені – жастардың белсенділігі, әсіресе, 35-45 жас арылығындағы азаматтардың көптігі байқалды. Олардың қазіргі көзқарасы, рөлі Қазақстанның дамуында ерекше зор деуге болады. Яғни елдің көркеюіне сүбелі үлес қосып жатқандар осы тап десек, артық айтқандық емес. Сонымен қатар, белсенділікке қатысты айтар болсақ, 12 миллионға жуық азамат сайлауда дауыс беруге құқылы болса, кеше оның 80 пайызы келіпті. Мұны жоғары белсенділік деп бағалауға негіз бар. Экономикасы мен демократиясы дамыған елдерді көрсеңіз, оларда 60-65 пайыздың өзі жоғары көрсеткіш болып қабылданады. Ал біздің еліміздің құрылып, қалыптасқанына 30 жылдай болды, әрі тарихи сайлауға балап, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа һәм екінші президентін таңдап жатырмыз. Сондықтан бізде 80 пайыз жақсы көрсеткіш деп ойлаймын», – деді Мұхтар Наурызбайұлы.

М.Манкеев 9 маусымда 7 үміткердің бағдарламасының арасындағы сайлау болғанын атап өтті.

«Әрине әр кандидаттың өз деңгейі, өз ерекшелігі бар. Олар қоғам алдына бағдарламасын, жоспарын ұсынды. Сайлаушылар соларды оқып, тыңдап, өздерінің таңдауын жасады. Қазір алдын ала көрсеткіштер жарияланып жатыр. Мәселен, Қасым-Жомарт Тоқаев 70,76 пайыз жинады. Ал 16 пайыз шамасында Әміржан Қосанов жиып отыр. Бұл 16 пайыз көрсеткіштің өзі қазіргі қоғамда жаңа таптың, аудиторияның пайда болғанын көрсетеді. Олардың айтар пайымдары мен билікке қойып жатқан сұрақтары бөлек. Сондықтан, қазіргі сайланған билік, одан кейін құрылатын үкімет органдарының басшылары сол аудиторияны ұмытпау керек деп ойлаймын. 16 пайызды адам санына шақсақ аз емес екенін байқайсыз. Олардың бәрі Қазақстан Республикасының азаматтары», - деді Мұхтар Наурызбайұлы.

Сонымен қатар ол 7 үміткердің бағдарламасын оқып, зерделеп шыққанын жеткізді. Оның айтуынша, әр үміткер бағдарламада ең басты мақсат етіп жеке басының қамы емес, Қазақстанды дамытуға бағытталған жоспарларын көрсеткен. Олардың кейбіреулері елдің дамуында кәдеге жарауы мүмкін.

«Ал жеңіске жеткен «Nur Otan» партиясы өзінің бағдарламасы бойынша жұмыс істейді, әрине оған бәріміз де атсалысамыз. Бірақ бұл партия басқа үміткерлердің бағдарламаларының ішінен конструктивті, жақсы идеяларды, жобаларды алып, соларды да Қазақстанның дамуына нақты жоспар ретінде қарастыру керек деп ойлаймын. Әр бағдарламада елді өрге сүйрейтін мақсат-міндеттер көрсетілген. Сол бағдарламаларды қайта көтеріп, керегін кәдеге жарату керек. Билік партиясы 1 болсын, 3 пайыз болсын дауыс жинаған үміткерлермен диалог құру керек. Олардың артында мыңдаған адам бар, олардың сұрақтары мен үміттері бар. Сондықтан да қазіргі билік барлық аудиторияны қамту үшін 7 бағдарламаны да қарау керек», - деді М.Манкеев.

Мұхтар Наурызбайұлының пікірінше, Қасым-Жомарт Кемелұлының нақты жұмыс істейтін кезі енді келді.

«Сайлау барысы туралы әңгіме бөлек, ал жаңа президенттің нақты жұмыс атқаруы екінші мәселе. Сайлау өтті, алдын ала қорытынды шықты, ұлықтау күні белгіленді, осындай шараларды бітіргеннен кейін нақты жұмыс істейтін уақыт келеді. Халық үміт артып, дауыс бергеннен кейін нәтиже күтеді. Әлбетте, Қасым-Жомарт Кемелұлының айқын да анық жоспарлары бар, соларды абыроймен, сапалы жүзеге асырады деп сенеміз», - деді Мұхтар Манкеев.

Өзгелердің жаңалығы