«7-20-25» бойынша баспана алған азамат сотта нотариусты жеңіп шықты

3 Маусым 2019, 09:45
2236
Бөлісу:
«7-20-25» бойынша баспана алған азамат сотта нотариусты жеңіп шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық қарыз алған азамат жекеменшік нотариустан сот процесін жеңіп, жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату шартын нотариаттық куәландыру қызметі үшін артық төлеген 32 825 теңгені қайтарып алды, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

2018 жылғы тамызда қарыз алушы «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы шеңберінде сатып алған жылжымайтын мүлкін сатып алу-сату шартын куәландыру үшін Алматы қаласының жекеменшік нотариусына жүгінген. Нотариус жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шартты куәландырғаны үшін 10 АЕК-тен және техникалық және құқықтық сипаттағы қосымша қызметтер көрсеткені үшін 7 АЕК-тен құралатын 42 925 теңге (17 АЕК) мөлшеріндегі соманы өндіріп алған.

Кейін клиент ҚР заңнамасын басшылыққа ала отырып, нотариусқа жүгініп, одан заңсыз ұсталған соманы қайтаруды талап етеді. ҚР Салық кодексіне және «Нотариат туралы» ҚР Заңына сәйкес ипотекалық тұрғын үй қарызының қаражаты есебінен сатып алынатын жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату шартын куәландыру бойынша нотариаттық қызметтің құны нотариаттық іс-әрекеттерін жасағаны үшін мемлекеттік баждың құнынан (2 АЕК) және техникалық және құқықтық сипаттағы нотариаттық іс-әрекеттері құнынан (2АЕК) құралады және 4 АЕК болады.

Алайда, нотариус талап етілетін соманы қайтарудан бас тартып, осыдан кейін қарыз алушы сотқа жүгінген. «Баспана» ипотекалық ұйымы қарыз алушының дәлелдерін қолдай отырып, сотқа «7-20-25» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйді сатып алу тәртібі мен талаптары туралы түсініктеме берді. Нәтижесінде клиент азаматтық істі жеңіп, артық төлеген 32 825 теңге мөлшеріндегі соманы қайтарып алды.

«Баспана» ипотекалық ұйымы ипотекалық нарықты дамытудың инфрақұрылымдық операторы ретінде ипотекалық бағдарламалардың жандануына ықпал етеді. Сондай-ақ жүйелі түрде азаматтардың тұрғын үй сатып алу шығындарын азайтуға, қарызды рәсімдеуді жеңілдетуге үлес қосып келеді.

«Тұрғын үйді ипотека есебінен сатып алған жағдайда, қарыз алушылардың шығындары 2019 жылы 4 АЕК немесе 10 100 теңге болуы тиіс», - деп атап көрсетті ипотекалық ұйым басшылығы.

Маусымның басындағы жағдай бойынша нотариустар «7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғын үйді сатып алу-сатудың 6 700 шартын куәлендірген.

Өзгелердің жаңалығы