Бас жаңалықтар
«7-20-25»: Жыл басынан бері 10 мың өтініш мақұлданған
13 Тамыз 2019, 10:19 323

«7-20-25»: Жыл басынан бері 10 мың өтініш мақұлданған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2019 жылдың қаңтарынан бастап «7-20-25» бағдарламасына қатысуға 16 677 өтініш келіп түсіп, оның 9813-і мақұлданған. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Үкімет отырысында мәлімдеді.

«Ұлттық банк «7-20-25» бағдарламасын іске асыруда. 2019 жылы 8 тамыздағы жағдай бойынша 188 млрд 300 млн теңгеге 16 677 өтініш берілді. Оның ішінде банктер 112 млрд 700 млн теңге сомаға 9813 өтінімді мақұлдады. Нәтижесінде ипотекалық кредиттеу дамыды. Былтыр шілде айынан бастап бағдарлама іске қосылғаннан бері банктердің ипотекалық портфелі 30,5% 1,5 трлн теңгеге өсті», - деді Досаев.

Ұлттық банк төрағасы экономиканың басым секторларын қаржыландыру үшін банктерге ұзақмерзімді ресурстар берілетінін айтты. 

«Банктер 51 млрд 400 млн сомаға 106 жобаны мақұлдады. 31 млрд сомаға 69 қарыз берілді. ҚР азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы президент жарлығын ісе асыру шеңберінде Үкімет банктермен, микроқаржы ұйымдарымен бірлесіп екі бағыт бойынша жұмыс жүргізілуде. Бірінші – халықтың әлеуметтік осал топтары үшін кепілсіз қарыздар бойынша 300 мың теңгеге дейінгі берешектерді өтеу. Азаматтардың тізімдері бойынша ақпараттар жинап, ақы төлеуге тізім жасалды. Берешектерді өтеу тамыз айының соңына дейін аяқталады. Азаматтар банктер мен микроқаржы ұйымдарына жүгінбейді, бұл дербес жүргізіледі. Кредиторлар әрбір қарыз алушыға тиісті хабарлама жібереді», - деді Ұлттық банк төрағасы.

Досаев бүкіл қазақстандықтарға кепілсіз қарыздар бойынша 2019 жылы 1 шілдеге есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығару бойынша 30 шілдеде банктер мен микроқаржы ұйымдары 33 млрд 600 млн сомаға 1 млн 200 мың азаматтың айыппұлдары мен өсімпұлдарын кешіргенін айтты.

Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Үкімет отырысында жеті айдағы инфляция деңгейінің және теңге бағамының динамикасы туралы айтқан болатын.


Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық