Шығыс Қазақстанға 650 отбасы қоныстанбақ

10 Маусым 2019, 17:52
2553
Бөлісу:
Шығыс Қазақстанға 650 отбасы қоныстанбақ

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының хабарлауынша, биыл Шығыс Қазақстанға 2 мыңнан астам адам қоныс аудармақ ниетте көрінеді.

«Облыстық әкімдік құрамында 2161 мүшесі бар 651 отбасыны қабылдау жөнінде квота бекіткен болатын. Олардың құрамында 1566 адамы бар 456 отбасысы еліміздің жұмыс күші басым аумақтарынан келсе, 195 жанұя тарихи отанына оралуды жөн көрген репатрианттар. Бүгінгі таңда облысқа 447 адамнан тұратын 194 отбасы көшіп келген. Олардың 380 адамнан тұратын 163 отбасы оңтүстік өңірлерден көшіп келушілер болса, 67 адамнан тұратын 31 отбасы оралмандар», - деді ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ерболат Ошақбаев.

Әр аудан, қалада келушілерге түрлі деңгейде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Атап айтсақ, отбасының әр мүшесінің көшіп-қонуы, баспана жалдауы, коммуналдық төлемдері субсидияланып, жұмысқа орналасуына жағдай жасалады.

«Аудан, қаланың мүмкіншілігіне қарай әкімдік немесе жұмыс беруші келушілерге тұрғын үйді немесе жер телімін тегін түрде бере алады. Мысалы, Зайсан ауданы көшіп келушілерге 3 коммуналдық үй мен 8 отбасыға жатақханадан бөлмелер беруге әзір. Сондай-ақ аталмыш ауданда жеке қосалқы шаруашылығын жүргізіп бақша егуге арналған 230 гектар егістік, 3350 гектар жайылым, 150 гектар шабындық пен жеке тұрғын үй салуға арналған 10,2 және 30 гектар бос жер телімдері бар. Бұдан бөлек, коммерциялық мақсатқа арналған 5,4 гектар бос жер тіркелген. Сонымен қатар келушілер мемлекет тарапынан көшіп-қону мақсатында берілетін субсидияға тұрғын үй сатып ала алады. Бағдарлама қатысушысы отбасына баспана жалдауға бір жылға берілетін бірреттік материалдық көмекті алып тұрғын үйді жекеменшікке сатып алуына болады. Ол үшін көшіп келуші алдын ала сатып алатын үйдің иесімен сатып алу-сату келісімшартын жасасуы қажет», - деп қосты басқарма басшысы.

Жауапты тұлғаның айтуынша, осылайша өңірге көшіп келген 18 отбасы жекеменшікке үй сатып алған екен. Жергілікті атқарушы органдар көшіп келушілер қоныстанған елді-мекендер тұрғындарымен қоян-қолтық жұмыс істей отырып, олардың өңірге тез бой үйретулеріне күш салуда. Атап айтсақ, 242 қоныстанушының бүгінде 160-сы тұрақты жұмыспен қамтылған. Жастар іс-тәжірибесімен және қоғамдық жұмыспен 16 адам қамтылса, 8 тұрғын өз кәсібін бастаған.

Естеріңізде болса, өткен ақпан айында қалалық, аудандық әкімдіктер мен облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы өкілдерінен құрылған облыстық делегация Жамбыл және Маңғыстау облыстарына барып қайтқан болатын. Нәтижесінде Шығыс Қазақстанға 100-ге тарта адам қоныс тепті. Сәуір айында делегация Алматы және Қызылорда облыстарында болып, ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 54 адам өңірге көшті. 24-27 мамыр аралығында облыстық басқарма басшысының бастауымен өңірлік делегация Түркістан облысының Жетісай ауданы мен Жамбыл облысының орталығында болып қайтты. Бұл жолғы жәрмеңкеге 3 мыңға таяу адам қатысқан болатын.

Өзгелердің жаңалығы