Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 7 жылға дейінгі мерзімге 6 пайызбен несие беріледі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ОКҚ брифингінде Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді.
Мемлекет басшысы қыркүйек айындағы жолдауында біздің министрлікке ауылдағы кооперацияны ынталандыру шараларын әзірлеу міндетін қойды. Қазір негізгі назар вертикальды интеграцияланған зәкірлі кооперацияға аударылуда. Себебі ірі қайта өңдеу кәсіпорындарымен өзара іс-қимылсыз ұсақ шаруашылықтарға даму қиынға соғады. Бірақ вертикальды кооперациямен бірге қатар горизонтальды, яғни шағын фермерлер мен жеке қосалқы шаруашылықтарды да өзара кооперациялануын дамыту қажет, - дейді Сапархан Омаров.
Оның айтуынша, статистика деректері бойынша 1 шілдеде елде 2 906 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген. Олар 52 мыңға жуық азаматты, оның ішінде 27 мың жеке шаруашылықты біріктіреді.
Кооперацияны дамытуды ынталандыру үшін бүгінде жоғары нормативтер негізінде инвестициялық субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау шаралары қолданылады. Мал шаруашылығын субсидиялау Ережелері шеңберінде дайындалған ауыл шаруашылығы шикізатының құнын арзандату көзделген. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін барлық салық бойынша 70% жеңілдікті көздейтін арнайы салық режимі жұмыс істейді. Сондай-ақ «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кооперативтерге несие беру «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 7 жылға дейінгі мерзімге 6% мөлшерлемемен (Жамбыл облысында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 2,5% мөлшерлемемен) жүзеге асырылады, - дейді министр.Бұған дейін ол ішкі нарықты негізгі тамақ өнімдерімен толықтай қамтитын бағдарлама құжаттың жоспары бір айда дайын болатынын айтты.