Бас жаңалықтар
Жыл сайын 6 мың көпбалалы отбасы пәтермен қамтамасыз етіледі – Скляр
19 Наурыз 2019, 09:48 414

Жыл сайын 6 мың көпбалалы отбасы пәтермен қамтамасыз етіледі – Скляр

Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр жалдамалы тұрғын үй жыл сайын 6 мың көпбалалы отбасын пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтты.

«Биыл біз 13,1 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салуды жоспарлап отырмыз. Ол 118 мың пәтер болады. Мемлекеттік инвестициялар есебінен 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, бұл 27 мыңнан астам мұқтаж адамдарды баспанамен қамтамасыз етеді. Биыл жыл басынан бері (қаңтар-ақпан) барлық қаржы көздері есебінен 1,7 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 15 мың баспана пайдалануға берілді (мұнда алаңдары үлкен коммерциялық тұрғын үйлер мен жеке тұрғын үйлер қоса есептеліп отыр). 5 өңірде тұрғын үйлерді пайдалануға беру қарқыны төмендеген. Олар: Астана қаласы (-35,2%), Павлодар (-52,3%), Шығыс Қазақстан (-47%), Батыс Қазақстан (-40,6%) және Ақмола облыстары (-5,2%)», - деді Скляр. 

Министрдің айтуынша, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысы үшін өңірлерге республикалық бюджеттен 32,8 млрд теңге қарастырылған. Шамамен 4,5 мың пәтердің құрылысы жоспарлануда (230,1 мың шаршы метр).

«Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының XVІІІ съезінде берген тапсырмаларын іске асыру үшін 2019 жылға бюджетті айқындау аясында көпбалалы отбасылар үшін жалдамалы тұрғын үйдің құрылысына және сатып алуға өңірлерге 50 млрд теңге бөлу қарастырылған. Жалпы аталған іс-шараға 7 жыл ішінде 350 млрд теңге қарастырылған. Бұл жыл сайын 6 мың көпбалалы отбасын пәтермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни, 7 жылда 40 мыңнан астам пәтер беріледі деген сөз», - деді Роман Скляр Үкімет отырысында.

Министрдің мәліметінше, бұл үшін бүгін 25 млрд теңгенің құрылыс жобалар тізімі жасалды. Дайын пәтерлерді сатып алу үшін 25 млрд теңге қарастырылған. Бұл көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешуді тездетуге ықпал етеді. Лимит сомасы өңірлердегі əкімдіктерде кезекте тұрған көпбалалы отбасылардың санына негізделеді (28126). Республика бойынша 280 мыңға жуық әлеуметтік әлсіз отбасы кезекте тұр. Олардың ішінде 61 мың жетім, 104,2 мың толық емес және 28,1 мың көпбалалы отбасы бар.

Бұған дейін, ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин 1 мамырдан бастап көпбалалы отбасыларға пәтер бөлу басталатынын айтқан болатын.

Қымбат Елтайқызы


Фото: дереккөз

Сізден жаңалық