52 мың шығысқазақстандық табысын анықтайтын декларация тапсырды

29 Шілде 2021, 14:18
2184
Бөлісу:
52 мың шығысқазақстандық табысын анықтайтын декларация тапсырды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өңірде 50 мыңнан астам адам өзінің табысын анықтайтын декларация тапсырды.

Естеріңізде болса, біз бұған дейін елімізде 2025 жылға дейін декларация тапсыру үрдісінің төрт кезеңмен енгізілетіні жайлы айтқан болатынбыз. Биыл бұл кезеңнің бастамасы болды.

Жалпыға бірдей декларация тапсыру бірінші кезекте көлеңкелі экономикамен және сыбайлас жемқорлықпен күресуге бағытталған әрекет. Бұған дейін АҚШ, Германия, Франция, Швеция, Финляндия, Австралия, Сингапур сынды алдыңғы қатарлы мемлекеттерде қолданылып келген шара өзінің тиімділігін көрсетіп, салықтық базаның кеңейіп, мемлекет қазынасын толықтыруға септігін тигізетінін дәлелдеді. Бұл, өз кезегінде мемлекеттің ел болашағына инвестицияны әдеттегіден көбірек құйып, әлеуметтік мәселелердің шешілуін еселей түсуге мүмкіндік береді.

Еліміздің Салық кодексінде азаматтардың декларацияны бір рет тапсыратыны көрсетілген. Мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Әсем Тұрлыбекованың айтуынша, декларацияға азаматтардың ел аумағындағы және шетелдердегі мүліктері жатады. Аталмыш тізімге жылжымайтын мүлік, жер учаскелері мен жер теліміне деген үлестері, әуе және су көліктері, көлік құралдары, арнайы техника мен тіркемелер, ел аумағынан тыс жерлерде құрылған заңды тұлғалардағы үлестері жатады. Сондай-ақ шетелдік банктердегі ақшалар да көрсетілуі тиіс.

Жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезегіне енетін адамдар құжаттарын өздерінің тұрғылықты жерлері бойынша 15 шілдеге дейін қағаз күйінде тапсырулары қажет болса, электронды түрде тапсыруға 15 қыркүйекке дейін мүмкіндік берілді.

Алдағы уақытта аталмыш санаттағы азаматтар өзінің мүліктері туралы декларацияны жыл сайын тапсырып отыратын болады. Декларацияны қағаз күйінде мемлекеттік кірістер органдарына, ал электронды түрде Мемлекеттік кірістер комитетінің «Салық төлеушінің кабинеті», «Электронды үкімет» порталы, сондай-ақ, «eSalyk azamat» мобильді қосымшасы арқылы тапсыруға болады, – деді Әсем Тұрлыбекова.

Айта кетсек, бүгінгі күні Шығыс Қазақстан облысы бойынша мүлік мен міндеттері туралы декларацияны 52 мың адам тапсырып үлгерген.


Өзгелердің жаңалығы