500 мыңға жуық азамат зейнетақы қорындағы ақшасын тұрғын үй алуға жұмсаған
14 Қаңтар, 21:15 339

500 мыңға жуық азамат зейнетақы қорындағы ақшасын тұрғын үй алуға жұмсаған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Осылайша, тұрғын үй мен емделу ақысын төлеуге 2 трлн теңге зейнетақы жинағы пайдаланылды. Ал 466 397 қазақстандық біржолғы зейнетақы төлемін үйлі болуға жұмсаған.

Бұл мақсатқа жалпы көлемі 1,3 триллион теңгеден астам қаражат кеткені белгілі болды. Тағы 62 694 қазақстандық «Отбасы банкіндегі» заем бойынша қарыздарын өтеуге 152 млрд теңге жаратқан. 39 мың адам өзге екінші деңгейлі банктерде 134 млрд теңгеге ипотекалық қарызын төлеген. Ал 23 мыңға жуық азамат зейнетақы төлемдерін аталған банктен несие алу үшін алғашқы жарна түрінде жұмсаған.

Олардың 82%-ы екінші нарықтан баспана алса, 18%-ы бастапқы жарнаны құрылыс салушыларға төлеп, жаңа үйлерден баспана алуды жөн көріпті.

Тағы 89 480 қазақстандық жалпы көлемі 91 млрд теңге зейнетақы жинақтарын емделу үшін алған.

Елорда, Маңғыстау облысы мен Алматы қаласы зейнетақы төлемдерін баспана алу үшін ең көп қолданған аймақтардың алғашқы үштігінде тұр. Ал Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары БЗТ пайдалануға ең төмен қызығушылық танытқан.

Айта кетерлігі, біржолғы зейнетақы төлемін қолданған ел тұрғындарының 65%-ы – ер азаматтар. Ал жас ерекшелігі бойынша жартысына жуығы немесе 47%-ы – 40 пен 59 жас аралығындағы қазақстандықтар болып шықты. Зейнетақы қорынан алынған қаражаттың 29,5%-ы 35 жасқа дейінгі жастарға тиесілі.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...