5 қыркүйек Қазақстан халқы тілдері күні: Тіл және толеранттылық

5 Қыркүйек 2020, 09:45
32860
Бөлісу:
5 қыркүйек Қазақстан халқы тілдері күні: Тіл және толеранттылық

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осымен үшінші жыл Қазақстан халқы тілдері күнін 5 қыркүйекте атап өтеді. Бұған дейін Тілдер мерекесі 22 қыркүйекте тойланатын.

Қанша ұлт, сонша тіл дамуда

1989 жылы 22 қыркүйекте Қазақстанда «Тілдер туралы» заң қабылданып, Қазақ КСР-нің мемлекеттік тілі – қазақ тілі, ал орыс тілі – ұлтаралық тіл деп бекітілді. Бұл мереке1998 жылдан бері аталып келеді. Сол жылы ҚР президенті болған Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен қыркүйектің 22 – Қазақстан халқы тілдерінің күні болып жарияланды.

2017 жылы премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Тілдер күнін 5-қыркүйек деп бекітті. Сол күні тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлы өмір есігін ашқан. Мерекелік датаның сол күнге ауыстырылуы ұлт зиялысының еңбегіне жасалған құрметтің бір белгісі.

Еліміздің көпұлтты болуына байланысты, бұл мерекені Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдері мен ұлыстар атап өтеді. Қазір елімізде жүргізіліп отырған салиқалы тіл саясаты толеранттық тілдік орта қалыптастырудағы маңызды қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени құндылықтардың бірі болып саналады. Қазақстанда 100-ден асатын ұлтқа Ассамблея жанында тілдерін дамытуға мүмкіндік жасалған. Елімізде оннан астам этникалық топтың өз тілдерінде оқытатын мектептері бар және оларды мәдени-рухани қолдау орталықтары жұмыс істейді.

Қазақ тілі ұлтаралық қатынастар тіліне айналуы тиіс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты өткен жылғы Жолдауында: – Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін деген болатын.

Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде өзге ұлт өкілдерінің тілінің дамуымен қатар, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінде елімізде 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік тілді дамытудың бағдарламасы да қазақ тілінің ұлтаралық қатынастар тілі деңгейіне жетуіне бағытталған.

Жуықта «Ана тілі» газетіне берген сұқбатына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тағы бір мәрте тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар екенін қадап айтты.

Тіл мәселесіне бей-жай қарап, немқұрайдылық танытатын болсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін. 

Алайда мемлекеттік тілді дамыту ісінде қызбалыққа салынып, оның қолдану аясын күшпен кеңейтуге ұмтылудың кері әсері болары анық. Өйткені оның соңы ұлтаралық араздыққа дейін жетуі мүмкін, деп атап өткен болатын.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы үшін мемлекеттік тілде сөйлеу мақтаныш болу үшін оған қажеттілікті арттыру керек деп, нақты шешімдер ұсынды.

Біріншіден, мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек. Екіншіден, біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Үшіншіден, қазақ тілін қолдану барысында фонетикалық және орфографиялық қателер жіберіп алатын отандастарымызға түсіністікпен қарап, толеранттылық танытуымыз керек. Мұндай азаматтар жастарымыздың арасында да аз емес. Олардың талпынысын мазақ етпей, қайта қолдай түскеніміз жөн, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 



Өзгелердің жаңалығы