42500 теңге. Шығысқазақстандықтар демалыс күні де өтініш бере алады

9 Сәуір 2020, 22:56
2617
Бөлісу:
42500 теңге. Шығысқазақстандықтар демалыс күні де өтініш бере алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекетіміз үшін, халқымыз үшін қазір оңай кезең емес. Шығыс Қазақстан облыс әкімі Даниал Ахметов облыс тұрғындарына үндеу жариялады.

Осы уақытта ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, төтенше жағдай кезінде табыссыз қалған барлық адамдар 42 500 теңгеден ай сайын әлеуметтік төлем алады. Оның ішінде, өзін-өзі жұмыспен қамтитын және бейресми жұмыс істейтін адамдар да бар. Бүгінгі күні Шығыс Қазақстан облысы бойынша 12 мыңға жуық адам осы қаржылық қолдауды алды. Жалпы, облыс бойынша 100 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Қазпочта және банк бөлімдерінде, қызметкерлер санын 900-ден, 1500-ға дейін көбейту туралы шешім қабылдадым. Бұл халыққа уақтылы, жедел қызмет көрсету үшін қажетті шара - делінген әкім үндеуінде.

Сонымен қатар, әкім барлық бөлімшелердің жұмыс уақыты, кешкі сағат 9-ға дейін ұзартылғанын атап өтті.

Демалыс күндері де, арнайы әлеуметтік есепшот ашып, жәрдемақыны алуға болады. Сондай-ақ, облысқа 5000 дана қашықтықтан өлшейтін термометр жеткізілді. Олар Өскемен мен Семейдегі кезекші полиция қызметкерлеріне беріледі. Осылайша, біз көшеде азаматтардың дене қызуын өлшейтін боламыз. Аталмыш термометрлер денеге тигізілмейді және мүлдем зиянсыз. Сондықтан тұрғындардан түсіністікпен қарап, полицейлердің бұл әрекетіне үрейленбеулерін сұраймын. Үлкен кәсіпорындарда қызмет ететін көпшілігіңіз мұндай процедурадан күн сайын өтесіздер. Ол Сіздерде температура болған жағдайда оны дереу анықтап, жедел көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Құрметті жерлестер! Бұл қиындықтарды тек бірге жеңеміз! Сіздерден өтініп сұраймын, өзіңізге, досыңызға және туысқа қорған болыңыздар! - деді Даниал Ахметов.

Өзгелердің жаңалығы