Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жеке куәлігінің мерзімі карантин кезінде өтіп кеткен азаматтар жәрдемақы тиесілі болған жағдайда өтінім бере алады.
Бұл туралы Жергілікті өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Атырау облысы бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының басшысы Алмагүл Шатенова хабарлады.
42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақы тиесілі санаттағы азаматтың жеке куәлігінің мерзімі карантин жарияланғаннан өтіп кеткен болса, мұндай жағдайда жәрдемақы тағайындалады. Ал карантинге дейін куәлік мерзімі өткендерге төлем төленбейді, - деп түсіндірді спикер.
Сондай ақ, Алмагүл Шатенова қандай жағдайда әлеуметтік көмектің берілмейтініне түсінік берді.
Мемлекет тарапынан тағайындалған жәрдемақы ұлттық басқару холдингі, ұлттық холдинг, ұлттық компания қызметкерлеріне төленбейді. Сонымен бірге, Қазақстанда тұрмайтын азаматтарға, бірнеше жерде жұмыс жасап жүргендерге және соңғы бір жыл бойына ешқандай әлеуметтік төлем, зейнетақы төлемдері түспеген азаматтарға берілмейді. Карантин кезінде қайта жұмысқа шыққан азаматтарға немесе адам қайтыс болған жағдайда әлеуметтік төлем толықтай тоқтатылады, - деп нақтылады ол.
Қазіргі таңда Атырау облысы бойынша әлеуметтік төлем бойынша бір күнде 10-15 мың өтінім қаралуда.
Еске сала кетейік, күні бүгінге дейін Атырауда 107 340 адамға 42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақы төленді.