Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін онлайн брифинг кезінде ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты.
eGov электронды үкімет порталына салмақ түсіп, бүгінде халық сайтқа кіре алмай жүр. Сондықтан, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі "БТС" компаниясымен бірлесе отырып, осы 42 500 теңге төлеміне қатысты арнайы сайт ашамыз. Ол сайтта халық өтініш жасап, мәліметтерін енгізіп, ЭЦП арқылы емес, SMS арқылы кілтсөз алып, қолын қоятын болады. Сайтқа кіру үшін компьютері жоқ азаматтарға арнайы Telegram-бот іске қосылады. Осы техникалық шешімдерді іске асыруға біз бар күшімізді жұмсап жатырмыз. Бұл қандай сайт, оған қалай кіру керектігі жөнінде бүгін кешке Еңбек министрлігінің сайты мен әлеуметтік желілерінде арнайы ақпарат беретін боламыз, - деді.Сондай-ақ, министр халықты өз мәліметтерін мұқият толтыруға шақырды.
Мен сіздерден өз мәліметтеріңізді енгізерде мұқият болуларыңызды сұраймын. Есепшот пен ЖСН нөмірін қатесіз толтырғандарыңыз маңызды. Екінші талап, соңғы екі айда бір рет болса да әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік төлем жасалуы немесе азаматтық-құқықтық сипатта қызмет ететіндер үшін зейнетақы қорына төлем аударылған болуы қажет. Бұл қажеттіліктің себебі – бұл төлемдер белгілі бір кассадан төленп жатқан төлемдер емес, мемлекеттік сақтандыру қорынан төленіп жатыр. Сондықтан, сіздердің ол жерде бір рет болса да тіркелгендеріңіз жүйенің дұрыс жұмыс істеуі үшін қажет, - деді Біржан Нұрымбетов.