Көкшетауда 400-ден аса жас отбасы баспаналы болады

12 Наурыз 2019, 17:11
3150
Бөлісу:
Көкшетауда 400-ден аса жас отбасы баспаналы болады

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола өңірінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалы қолға алған «Ақмола жастары» жобасы аясында облыс орталығында 6 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы басталады.

Облыста соғы екі жыл ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 8350 отбасы, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы 6 мыңға жуық ақмолалық баспанаға қол жеткізді. «7-20-25» бағдарламасы аясында 2,2 миллиард теңгенің 252 өтінімі мақұлданды. Бағдарлама бойынша пәтерге қол жеткізетіндердің 70 % жас отбасылар. Өңірде жастарды қолдау мақсатында жүзеге асырылып жатқан шаралардың бірі – баспанамен қамтуға қатысты болып отыр.

«Былтыр әкімдік бастамасымен «Ақмола жастары» бағдарламасын ұсындық. Жастар жылына орай қолға алынған жоба аясында Көкшетауда 400 жас отбасыға арналған 6 көппәтерлі тұрғын үй кешені салынады. Бұл негізінен шағын габаритті пәтерлер. Орташа есеппен пәтерлердің құны 3-5 миллион теңге аралығында болмақ», - дейді «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Ақмола облыстық филиалының директоры Алмат Нұрахметов.

Оның айтуынша, жобаға қатысу үшін алдымен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ салымшысы болу, екіншіден, депозитте пәтер құнының 20 % жинау қажет.

«Жиналған сомаға байланысты сыйақы мөлшерлемесі әр түрлі болады. Айталық, салымшының банк есеп шотында үш жылдық жинағы болса, жылдық пайыздық мөшерлеме 5 %, ал жинағы болмаған жағдайда 7 % құрайды. Бұл бағдарламаның тиімді тұсы деуге болады. Айта кетейік, «Ақмола жастары» жобасына 35 жасқа дейінгі, облыс аумағында жұмыс істейтін салымшылар қатыса алады», - дейді Алмат Нұрахметов.

Ел өңірлерінде алғаш рет қолға алынып отырған жоба ақмолалық жастар қызығушылық танытуда.

«Жастарға арналған жаңа жоба жайлы естіп-біліп жатырмыз. Енді жинақ ашып, бағдарлама арқылы баспаналы болуға зор мүмкіндік туып отыр. Әрі бұл бастаманың Жастар жылында қолға алынуы да тегін емес деп ойлаймын. Мұның өзі жастарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан үлкен қолдау», - дейді қала тұрғыны Марал Жақыпова.

Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасы аясында облыс орталығында жатақханалар құрылысы да басталады. Атап айтқанда, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде 3 мың орындық жатақхана салу көзделуде. Сондай-ақ бұл жұмыс Көкшетау жоғары техникалық колледжі, Ж.Мусин атындағы медагогикалық колледжі, Ақан сері атындағы жоғары мәдени колледжі, Біржан сал атындағы музыкалық колледжі сияқты оқу орындарында да қолға алынбақ.

Өзгелердің жаңалығы