Бас жаңалықтар
4 жылға сотталады: ШҚО-да екі медицина қызметкері ұсталды
02 Тамыз 2021, 23:19 364

4 жылға сотталады: ШҚО-да екі медицина қызметкері ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ШҚО полицейлері жалған вакцинация паспортын сатудың қылмыстық схемасының жолын кесті, деп хабарлайды Polisia.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрлігі жалған медициналық құжаттарды қолдан жасау және пайдалану фактілерін анықтау бойынша кең ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр.

Жедел және тергеу бөлімшелері жалған құжаттарды сату фактілерін анықтау бойынша түрлі жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуде. Полиция қызметкерлері медициналық орталықтарды, емханаларды, вакцина алу пункттерін тексеруді жалғастыруда.

Азаматтардан жалған вакцинация төлқұжаттары мен ПТР анықтамаларын беру немесе беру фактілері туралы ақпарат жинау үшін ведомствоаралық арнайы жұмыс тобы құрылды. ІІМ және оның аумақтық бөліністерінде жалған құжаттарды сату жөніндегі хабарландыруларды анықтау бойынша тұрақты мониторингтік топтар жұмыс істейді.

Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының полицейлері жалған вакцинация паспортын сатудың қылмыстық схемасының жолын кесті. Семей қаласында жедел іс-шараларды өткізу кезінде құжаттарды сатып, “қосымша қаражат таппақ” болған екі медицина қызметкерін анықтады.

Қаланың медициналық-әлеуметтік мекемесінде жұмыс істейтін азаматтардың бірінің банктік шотына 15 мың теңгеден қаражат түсіп отырған. 10 мың теңге мөлшеріндегі ақшаның бір бөлігі жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерімен бірге жедел медициналық көмек орталығында істейтін танысына жолданып, ол кейіннен дерекқорға вакцинациялау рәсімінен өткені туралы жалған мәліметтер енгізіп отырған.

Қазіргі уақытта мұндай заңсыз қызметтерді пайдаланған барлық азаматтар қылмыстық іс аясында анықталып, олардан жауап алынуда. Ұсталғандардың айтуынша, олар қаланың 30-дан астам тұрғынын жалған вакцинациялаған. Алайда  бұл көрсеткіш әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Медициналық базаға енгізілген барлық жалған мәліметтер жарамсыз деп танылады.

Медицина қызметкерлерінің құқыққа қарсы әрекеттері ҚР ҚК-нің 385-бабы (Жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу) бойынша сараланып, төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Полиция мұндай заңсыз фактілерге дереу жауап береді, өйткені олар халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді, – деп атап өтті ШҚО Полиция департаментінің бастығы Сағат Мадиев.
Дәл осы уақытта Өскемен қаласында полицейлер ПТР-тест ресімдеуге көмек көрсету туралы хабарлама жариялаған 34 жастағы ер адам ұстады. Ол өз қызметін 15 мың теңгеге бағалаған. Алайда ұсынған қызметі үшін “қалтасын қомпита” алмады.

Қазір алаяқтық фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, онда екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Естеріңізге сала кетейік, жалған құжат дайындағаны үшін төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...