4 айда теміржолда билетсіз жүрген 70 жолаушы анықталды

16 Мамыр 2019, 12:44
1788
Бөлісу:
4 айда теміржолда билетсіз жүрген 70 жолаушы анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Жолаушылар тасымалы» АҚ теміржолда билетсіз жүру және заңды түрде рәсімделмеген жүкті тасымалдау әрекеттеріне тосқауыл қою мақсатында 2018 жылдың сәуір айында «нөлдік» төзімділік принципін енгізген болатын. Яғни, заңсыз әрекетке бой алдырған Компания қызметкерлеріне қатаң жаза қолданылады.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз орталығының мәліметінше, бұл күнде осындай заң бұзған жолсеріктер мен пойыз басшыларының ісі онлайн түрде орталық аппараттың жауапты қызметкерлерімен бірге қаралады.

«Осы жылдың алғашқы 4 айында Компания тарапынан 2146 пойыз тексерілді. Тексеру нәтижесінде билетсіз жүрген 70 жолаушы анықталып, 23 қызметкермен еңбек келісімшарты тоқтатылды», - деп хабарлады компанияда.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ-да қазақстандықтарға пойызда көңілден шықпайтын жайттар кездескен жағдайда шағымдануды ұсынды.

«Егер Сіз жолда көңіліңізден шықпайтын фактілерге тап болсаңыз – иіс, лас дәліз, әжетхана бөлмесіндегі судың тапшлығы, жыртық төсек-орын және т.б. – міндетті түрде жолсерікке немесе пойыз басшысына шағымданыңыз! Жолаушының талабы бойынша жолсерік міндетті түрде Шағым кітапшасын ұсынады. Не болмаса, фотобейне түсіріп, 1433 бірыңғай қызмет орталығына немесе Компанияның ресми сайтындағы Бас директордың блогына жазып жіберуіңізді сұраймыз. Сонымен қатар әлеуметтік желілердегі біздің парақшаларымызға (Facebook, Vkonakte) өтінім қалдырыңыздар», - делінген хабарламада.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ әрқашан өз жолаушыларына жолда көрсетілетін қызметін жіті қадағалап, тексеріп отырады. Сервистің жоғары деңгейде болуына, яғни жолаушыларға сапар барысында барша қолайлы жағдайды жасауға атсалысады.

Өзгелердің жаңалығы