Бас жаңалықтар
393 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылды
21 Мамыр 2020, 23:26 62

393 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылдың басынан бері 393 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылды. Бұл ауылдық елді мекендерді жоғары сапалы интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі ауқымды жобаны іске асырудың нәтижесінде мүмкін болды.

Бұл жоба 2018 жылдан бастап мемлекеттік-жеке меншік әріптестік қағидаты бойынша іске асырылуда. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бұл жобадағы серіктестері, еліміздің ірі байланыс операторлары: "Қазақтелеком" АҚ, сондай-ақ құрамына "Транстелеком" АҚ  мен "SilckNetCom" ЖШС енген консорциум.

2020 жылдың соңына дейін байланыс операторлары өз қаражаты есебінен 20 мың км астам талшықты-оптикалық байланыс желілерін салып, 1250 шалғай ауылдағы мектеп, аурухана мен әкімдікке кең жолақты Интернет желісіне қосылу мүмкіндігін ұсынады.

"Оптикалық - талшықты" жоба іске асырылғалы бері 2065 аурухана, мектеп, шұғыл әрекет ету қызметі, әкімдік және т.б. жұмыс істейтін 706 ауылға желі жүргізілді.

Сонымен қатар, ауылдарда талшықты-оптикалық желілер болған жағдайда ұялы байланыс операторларына өздерінің базалық станцияларын орнатуға және ауыл тұрғындарын сапалы мобильді интернетпен қамтамасыз ету мүмкін болмақ.

Елімізде іске асырылып жатқан екінші жоба аясында ұялы байланыс операторлары 2020 жылдың соңына дейін 250-ден астам адам тұратын барлық ауылға мобильді Интернетті жүргізуге  міндеттелді. Бұл ретте ТОБЖ жобасын жүзеге асыру нәтижесінде  құрылған инфрақұрылымды ұялы операторлар 3G/4G технологияларын қолдану үшін белсенді пайдаланбақ.

Осылайша, 2020 жылдың соңына қарай жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етілген елді мекендер саны 5 163 жетеді. Бұл елді мекендерде тұрып жатқан халық саны ел халқының 99,3% -не тең.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...