300 отбасы жыл бойы кәсіпкерлерден тегін көмек алады

14 Наурыз 2019, 17:52
2620
Бөлісу:
300 отбасы жыл бойы кәсіпкерлерден тегін көмек алады

Маңғыстау, BAQ.KZ. Амал мерекесі қарсаңында Маңғыстау облысында қайырымдылық акциясы жарияланды. Шараны бірінші болып құрылысшылар қолдады.

Шараның басты мақсаты - өңірдегі әлеуметтік жағдайы өте төмен отбасыларға қамқорлық таныту, қолынан іс келетін, жеке кәсібін ашуға ниетті, бірақ мүмкіндігі жоқ жандарға қолдау көрсету.

«Акцияның «Жақсылық жаса, қайырымы қайтар Алладан» деп аталуының өзінде үлкен мән жатыр. Қайырымдылық қанымызда бар қасиет болғандықтан өңірдің кәсіпкерлері бірігіп, ізгі шараны қолға алып отырмыз», - деді кәсіпкерлер.

Шара аясында әр кәсіпкер 1 жыл көлемінде 10 отбасыға шама шарқынша көмек қолын созбақ. Әл-ауқаты төмен отбасыларының жақсы өмір сүруіне талпынысын оятып, аяққа тұрып кеткенше көмектеседі. Олар түрлі бағытта жүзеге асады.

«Мақсат – осы шараны басынан бастап аяғына дейін жеткізу. Кәсіпкер ретінде айтарым, аймақта кәсіппен айналысамын дегендерге жағдай жасалынған және қолдау көрсетілуде. Талпынған, кәсіппен айналысамын деген отбасыларға көмектескіміз келеді. Батылдығы, жігері мол адамдар көп, тек басын қалай бастарын білмей жүр. Қазақта «бұлақ көрсең - көзін аш» демекші, олар алғашында сәл демеп жіберуді, бағыт көрсетуді қажет етеді», - деді осы жобаға ат салысып жатқандардың бірі, кәсіпкер Иса Бимырзаев.

Шара барысында 300 отбасыға көмек көрсетіледі, 90-ға жуығы Жаңаөзен қаласында тұрады. Бүгінде Жаңазен қааласындағы бірнеше отбасыға пәтер сыйға тартылып, бірнеше үйде жөндеу жұмыстары басталды. Жеке бизнесін ашқысы келетін «Рахат» ауылының тұрғыны Наурыз Алдабергеновке кәсіпкер Самат Мұсабаев жылыжай салуға көмектесетін болды.

Акцияға бюджет қаржысы жұмсалмайды, кәсіпкердердің жеке қаражатынан көмек көрсетіледі.

«Біздің мақсатымыз - оларға тек бір жолғы қаржы беріп немесе азық-түлік алып беру емес, олардың күнкөрісін жақсартуға бағытталған нақты шаралар ұйымдастыру»,- деді жоба үйлестірушісі Айжани Нұрланова.

Кәсіп ашу үшін жоба жасағанымен, оны жүзеге асыруға қаржысы болмаған отбасыларға көмек беріледі. Олардың басым бөлігі – мал шаруашылығымен, құс өсірумен, тігінмен айналысуға ниет білдірді. Ал акцияны қолға алған кәсіпкерлер тұрғындарға қажетті құралдарды, шаруашылық жүргізу үшін мал, құс сатып алып береді, қора мен жылыжай да салып береді.

«Өзім жеке кәсіпкер болғандықтан, өзім сияқты кәсіпкерлерді жинап, осы акцияны бастадық. Көбінесе қайырымдылық акциясы мүжәлсіз отбасыларға азық-түлік таратумен шектеледі. Бұл – бір реттік көмек қана. Сондықтан «балықшыға балық берме, қармақ бер» деген принципті ұстанып, кәсіп ашуға мүмкіндік жасап жатырмыз», - ұйымдастырушылар.

Маңғыстаулық кәсіпкерлер бұл акцияны республика деңгейінде кең масштабта жүзеге асырамыз деп отыр. Аталмыш акция облыстың барлық аудандарын, шалғай ауылдарды кезеңмен араламақ. Жаңаөзен қаласынан бастау алған керуен енді Шетпе селосына бет алды.

Өзгелердің жаңалығы