30 жылда ұлттық БАҚ үлкен өзгерістерден өтті – Балаева

6 Мамыр 2021, 15:50
1897
Бөлісу:
30 жылда ұлттық БАҚ үлкен өзгерістерден өтті – Балаева

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Қазмедиа» орталығында «Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесі жеңімпаздарын марапаттау рәсімінің ашылуында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева сөз сөйледі.

Биыл бесінші рет өтіп отырған бұл жоба жүзден жүйрік шыққан, жаңа есімдерді жыл сайын жариялап, жалынды тұлғалар мен тың бастамалардың жасампаз жолына айналды. Сөз жоқ, бүгінгі телевизия тек ақпараттың көзі ғана емес, бұл - ұлттық идеология мен тәлім-тәрбиенің құралы. Осынау стратегиялық маңызы зор саланың бағын баптап, жоғын жоқтап жүрген өздеріңізсіздер, - деді Балаева.

Министр ауқымды жобаларды батыл қолға алып, биік сапада жүзеге асырып жүрген журналистерге алғыс айтты.

Биылғы бәйге ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтіп жатыр. Осы 30 жылда ел дамуымен бірге ұлттық БАҚ, оның ішінде телевизия саласы үлкен өзгерістерден өтті. Қарқынды дамып, нәтижелі биіктерді бағындырды. Бұл, әрине, Елбасы - Тұңғыш президенттің ақпарат саласында қалыптасқарған оң саясатының нәтижесі, ел басшылығының ұдайы қолдауының арқасы, - деді ол.

Балаева өткен жыл пандемия кезінде тілшілер қауымы қауіпті кезеңде жұмыс істегенін айтты.

Тілшілер күн демей, түн демей жұмыс істеп, халыққа шынайы ақпарат жеткізді. Қоғам соның арқасында дүрбелеңнен ада қалды. Бейсен Құранбек, Михаил, Дорофеев, Нұртілеу Иманғалиұлы, Жолдасбек Дуанбай, Диас Омаров пен Қыдырәлі Дүйсебай, Әмірола Сарымовтың есімдері мәңгі есімізде сақталады, - деді Балаева.

Өзгелердің жаңалығы