30-дан астам түлек ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсырмақ

7 Маусым 2019, 21:05
1821
Бөлісу:
30-дан астам түлек ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсырмақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысында 2927 мектеп түлегі ҰБТ тапсырғуа өтініш берген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім беруді дамытудың инновациялық орталығының басшысы Әлия Жакиенова мәлім етті, деп жазады pavlodarnews.kz. 

«Өздеріңізге белгілі, өткен жылдан бастап мектеп түлектері ҰБТ-ны 4 рет тапсыруға мүмкіндік алды. Қаңтар, наурыз және тамыз айында тестілеуден өткендер тек ақылы оқуға түсуге құқығы бар. Ал, маусым-шілде айында тест таспырғандар мемлекеттік грантқа үміткер атана алады. Биыл өңіріміздегі түлектердің жалпы саны – 3590. Оның 81,5 пайызы маусым-шілде айындағы ҰБТ-ны тапсыруға ниет білдірді», - деді Әлия Жакиенова. 

Спикердің айтуынша, 2018 жылдан бастап түлектер тестілеуді үш тілде таңдай алады. Өткен жылы бір оқушы ағылшын тілінде тапсырған болса, биыл ағылшын тілінде сыннан өтуге 30-дан астам түлек өтініш жазған. Халықаралық шет тілі емтихандарын тапсырғандар сертификаттарын әкелген жағдайда сәйкес ұпайлары қойылып беріледі. 

2019 жылдың 1 сәуірінен бастап 10 мамырға дейін тестілеу өткізудің 10 пунктінде сынаққа қатысу бойынша өтініштер қабылданған.
Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусым – 5 шілде аралығында өткізіледі. Жауап беруге бұрынғыдай 3 сағат 50 минут беріледі.

«Алдыңғы уақытта кешенді тестілеу тапсыру жүйесі де өзгерді. Өткен жылғы мектеп бітірушілер, колледж түлектері кешенді тестілеуін биылғы түлектермен бірге тапсыратын болады. Оған қоса, педагогикалық мамандықтарға шекті 60 ұпайға көтерілді», - деді Әлия Жакиенова.

Айта кетейік, мемлекеттік грантқа өтініш жазатын кезде түлектер мамандық емес, оқу бағдарламасын таңдайды. Бұрынғыша 4 таңдау жасауға болады.

Өзгелердің жаңалығы