29 мамырда президенттікке үміткерлер арасында теледебат өтеді

24 Мамыр 2019, 15:52
2945
Бөлісу:
29 мамырда президенттікке үміткерлер арасында теледебат өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 29 мамыр күні алдағы президент сайлауына қатысты 7 кандидат арасында теледебат өтеді. Бұл туралы бүгін орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен айтты. 

«ҚР Орталық сайлау комиссиясы алдағы кезектен тыс президент сайлауына қатысатын үміткерлер арасында пікірталастар мен пікірсайыстарды өткізу туралы қаулыны қабылдады. Соған сәйкес, 29 мамырда Нұр-Сұлтан қаласындағы «Хабар» агенттігінде теледебат өткізіледі. Алғаш рет теледебатты ұйымдастыру жұмыстарына БАҚ өкіліне беріліп отыр. Бұған дейін теледебаттың уақытын, тікелей немесе жазбаша түрде көрсетілуін ОСК реттейтін болған. Бұл жолы «Хабар» арнасы өзі шешеді», -  дейді Ләззат Сүлеймен.

Оның айтуынша, теледебат 3 раундтан тұрады. Бірінші раундтың тақырыбы – Қазақстанның экономикалық даму басымдықтары». Ол екі турды қамтиды. Бірінші турда әрбір қатысушы өзінің сайлау алдындағы бағдарламасын таныстырады. Екінші турда әрбір қатысушы өздерінің оппоненттеріне «сұрақ-жауап» түрінде пікірсайыс сессиясы өтеді. Қатысушылар өздерінің оппоненттеріне екі сұрақтан қойып, соған жауап ала алады. 

Екінші раундтың тақырыбы – «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы». Екінші раундтың бірінші турында қатысушылар берілген тақырып бойынша сөз сөйлейді. Екінші турда барлық қатысушыларға жүргізушілер бір сұрақтан қояды.

Үшінші раундтың тақырыбы –  «Сайлаушыларға арнау». Онда қатысушылар тікелей сайлаушыларына арнап сөз сөйлейді.

Өзгелердің жаңалығы