29 күндік тыныштық

22 Наурыз 2020, 18:21
1438
Бөлісу:
29 күндік тыныштық

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазіргі уақытта елімізде коронавирустық инфекцияның таралуын алдын алу мақсатында төтенше жағдай жарияланды, ал Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин режимі енгізілді. 

Барлық эпидемияға қарсы шаралар Наурыз мейрамына тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан, ел тарихында алғаш рет Ұлыстың ұлы күні жаңа форматта тойлануда: астаналықтарға вирустың таралуын мейлінше азайту үшін үйде отырып, жаңа жылды отбасымен бірге қарсы алуға кеңес берілді. 

22 наурыз сағат 00.00-ден бастап елордаға кіру және шығу жолдары толығымен жабылды. Қалада кәсіпкерлердің карантин режимін сақтауын тексеру мақсатында рейдтер өткізілуде. Әлеуметтік нысандарда, азық-түлік дүкендерінде, қонақ үйлер мен сауда орталықтарында санитарлық нормалар күшейтілді. 

Елордамен көлік байланысы үзілгенімен, астаналықтар коронавирустық инфекцияның өршуіне байланысты рухани оқшауланды деп айтуға келмейді. Азаматтар бір-бірін моральдық және қаржылық жағынан қолдауға, мұқтаж адамдарға көмек көрсетуге тырысып жатыр. Халық арасында үлкен танымалдылыққа ие #Бізбіргеміз челленджін Қазақстан халқы үшін рухани бірлік пен ынтымақтастықтың керемет үлгісі деуге болады. "Біз біргеміз" ұранымен қоғам қайраткерлері, қазақстандық эстрада жұлдыздары, танымал спортшылар, әншілер мен тұрғындар әлеуметтік желілерде қазақстандықтарды сабырлыққа шақырып, балалармен көбірек уақыт өткізуді үгіттеп, тегін шеберлік сабақтарын өткізіп жатыр. Қазақстандықтар бір-бірін шыдамды болуға шақырып, көтеріңкі көңіл күйді қамтамасыз ететін істермен айналуса үгіттеуде. 

"Біз азаматтарды үйден себепсіз шықпауға, барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамыз", "Үйді таза ұстаңыз, қолыңызды жиі сабынмен жуыңыз, дезинфекциялық құралдарды қолданыңыз, бетперде киіңіз", "Қазақстандықтар, барлық шаралар денсаулық қауіпсіздігіне бағытталған!","Наурыз мейрамын үйде тойла!" деп ел тұрғындары әлеуметтік желілерде посттар жариялап жатыр.


Өзгелердің жаңалығы