2600-ден астам өкпені жасанды желдету аппараты сатып алынады

9 Қыркүйек 2020, 11:51
1705
Бөлісу:
2600-ден астам өкпені жасанды желдету аппараты сатып алынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Оның 1 500-і отандық өндіріс аппараты болмақ деді ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бүгінгі Үкімет отырысы барысында. 

Қазіргі уақытта инфекциялық және провизорлық стационарларда 3 379 өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараты бар, қосымша 2 619, оның ішінде 1 500 отандық өндіріс аппараты сатып алынады. Бүгінде республикада 21 566 төсек-орын оттегімен қамтамасыз етілген, бұл ретте тағы 9 300 төсек-орынды қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Оның ішінде 6 400-і жергілікті бюджет және демеушілік қаражат есебінен болса, 2 900-ы республикалық бюджет қаражаты есебінен қамтылмақ. Жеткізу кестесіне сәйкес, қыркүйекте 8 600 аппаратты жеткізу жоспарлануда, қалған 700-і қазан айында жеткізілмек, - деді ол.

Министрдің айтуынша, жедел медициналық көмек қызметі 2020 жылы ҚДБ-лизинг тетігі арқылы отандық өндірістің 1167 санитарлық автокөлігін жабдықтау жоспарлануда. 

Жеткізу жұмыстарын 2020 жылдың қарашасына дейін аяқтау жоспарда бар. Бастапқы медико-санитарлық көмек (БМСК) мобильді бригадаларының жұмысы жалғасуда. Бүгінде республикада 3640 мобильді топ жұмыс істейді. Ауыл тұрғындарының медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыру 100 жылжымалы медициналық кешен сатып алу есебінен жүзеге асырылады. Аудандық ауруханаларда 132 рентген аппараты бар. Қосымша 15 инфекциялық стационар жасақталады, облыс орталықтарында 13 модульдік инфекциялық аурухана салуды аяқтау жоспарлануда, - деді Алексей Цой.

Өзгелердің жаңалығы