2400-ден астам спортшы Босфор бұғазын жүзіп өтті

22 Шілде 2019, 18:29
1974
Бөлісу:
2400-ден астам спортшы Босфор бұғазын жүзіп өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркияның Ыстамбұл қаласында жүзуден XXXI Босфор құрлықаралық жарысы өтті, деп хабарлады 24.kz. 

Аталмыш жарысқа әлемнің 59 мемлекетінен 2400-ден астам спортшы қатысып, Жерорта теңізінің жағалауына дейін малтып жетті. Жарыста еліміздің 60-қа жуық жүзушісі кәсіпқойлар мен әуесқойлар категориясы бойынша бақ сынады. 

Сағатына жүздеген паром мен кемелер өтетін Босфор бұғазындағы көлік қозғалысы кеше бірнеше сағатқа жабылды. Себебі, Қара және Мәрмәр теңізін жалғастыратын су айдынында дәстүрлі Босфор құрлықаралық жарысы өтті. 

Биыл 31-рет ұйымдастырылған додаға қатысушылар саны көп. Олардың арасында қазақ елінің өкілдері де бар. 

"Босфордағы бірінші жарысым. Осындай жарысқа қатысқаныма өте қуаныштымын. Бәрі жақсы өтті. Аяғында қиындықтар болды. Бірақ ол қиыншылықтарды өтіп, Gross Continental жүзушілерінің арасында мен де қатысып, атымды жазғаныма қуаныштымын", - деді Босфор бұғазын жүзіп өтуші Азамат Қаптағаев.

Бұғазды жүзіп өткендердің бірі -  Ернұр Сайлаубек. Оның айтуынша, Қазақстаннан осы жарысқа 58 адам келді. Олардың арасында оның оқушылары да бар. 

"Біздің басты мақсатымыз мәреге жету болды. Халықаралық жарыстың талабы да күшті, тәртібі де қиын. Спортшылар 6 жарым шақырымды жүзіп өтуі тиіс. Бірақ бұл қашықтық қатысушылардың суда жүзуіне кедергі емес. Кедергі - бұғаздың аумағында судың екі түрлі ағысы. Бәсекеде бақ сынағандар  көк айдынның асау ағысына төтеп беруі тиіс. Бағыттан жаңылмай жүзудің өзі үлкен ерлік. Оның үстіне топ жару мақсаты тағы бар. Ағысқа шыдап жүзгендер ғана жеңіске жетеді", - деп атап өтті ол.

Босфордағы жүзу жарысына 7 жылдан бері қатысып келе жатқан Ахмет Теккишин 56 жасынан бастап жүзу бойынша жарыстарға белсене араласқанын айтты.

"Бұл текті шаралар спорттың дамуына елеулі үлес қосумен қатар, елдің имиджіне де оң әсер ететіні анық. Өзім 56 жасынан бастап, жүзу бойынша жарыстарға белсене қатыса бастадым. Алайда, бүгін жарыс қиын болып, 10-орынды иемдендім", - деді Ахмет Теккишин

Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрге айналған жарысқа қатысушылардың жас мөлшері де әр шамада. Бірі 14-те болса, ең үлкені 90-ға таяп қалған. 

Биылғы доданың нәтижесіне келсек, әйелдер арасында Илгин Челик чемпион атанды, ерлер арасында Мелихшах Дүген мәреге бірінші болып жетті.

Өзгелердің жаңалығы