22 наурызда елордаға кіретін жолдар толық жабылады

19 Наурыз 2020, 15:29
1277
Бөлісу:
22 наурызда елордаға кіретін жолдар толық жабылады
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласында карантин: елорда тұрғындары 22 наурыз сағат 00.00-ге дейін қалаға кіріп үлгеруі қажет.  Осыған орай Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті қала тұрғындары мен қонақтарына мыналарды ескертті.

22 наурыз сағат 00.00-де елордаға кіретін және шығатын жолдар жабық болады.  Көлік кептелісі мен кезекте тұруды болдырмау үшін қала тұрғындары мен қонақтарына алдын ала тиісті шаралар қабылдауға кеңес береміз. Блок-бекеттердегі полиция қызметкерлеріне көрсету үшін өздеріңізбен бірге жеке басыңызды куәландыратын құжаттарыңызды алып жүруді ұмытпаңыздар, -  деп көрсетілген елордалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Нұр-Сұлтан қаласының периметрі бойынша (жақын маңдағы Жібек жолы, Қосшы, Қараөткел, Талапкер, Қоянды кенттерін қоса алғанда ) барлық бағыттарға көлік құралдарының кіріп-шығуын және азаматтардың жүріп-тұруын шектеу үшін 7 блок-бекет қойылғанын ескертеді. 

№1 блок-бекет- Талапкер кентіндегі  "Екатеринбург-Алматы" автожолында
№2 блок-бекет- Нұр-Сұлтан қаласына кіреберісте ақы төленетін пункте "Нұр-Сұлтан-Петропавл" автожолында
№3 блок-бекет- Қоянды кентіндегі "Нұр-Сұлтан-Ерейментау-Шідерті"  автожолында
№4 блок-бекет- Шығыс Ильинка тұрғын алабы ауданында "Нұр-Сұлтан-Қорғалжын"  автожолында
№5 блок-бекет- Қосшы кентіндегі "Нұр-Сұлтан-Киевка-Теміртау"  автожолында
№6 блок-бекет- Жібек Жолы кентіндегі  "Екатеринбург-Алматы"  автожолында
№7 блок-бекет- Шұбар кентіне бұрылыста Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы  айналма автожол

Жүк автокөлік құралдары үшін транзиттік жүру Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы айналма автожол бойынша  қарастырылған. Енгізілген шаралар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әрбір тұрғынның тұтастай алғанда қаладағы халықтың денсаулығын сақтау үшін қажет.

Карантиндік іс-шараларға жұмылдырылған ішкі істер органдары қызметкерлерінің талаптарын мүлтіксіз сақтап, түсіністікпен қарауды сұрайды.
Өзгелердің жаңалығы