Бас жаңалықтар
22:00-ден кейін тыныштық бұзғандар 13 890 теңге айыппұл төлейді
13 Мамыр 2020, 15:16 440

22:00-ден кейін тыныштық бұзғандар 13 890 теңге айыппұл төлейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында еліміздің барлық азаматы үшін тыныштық режимін сақтау уақыты бірдей болып белгіленді.

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқылау кезінде "тыныштық режимін сақтау мәселесі" қаралды.

Қазіргі қолданыстағы заң бойынша қазақстандықтарға сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін тыныштықты бұзғаны үшін айыппұл салынады. Ал жаңа заң бойынша  "тыныштық режимінің" уақыты өзгерді.

Конституцияның 14-бабы, заң мен сот алдында жұрттың бәрінің теңдігі туралы талаптарын сақтау мақсатында "тыныштық режимін" сақтау бойынша уақыт барлығы үшін бірдей болып белгіленді. Яғни, жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы 9-ға дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден таңғы 10-ға дейін "тыныштық уақыты" болып саналады, - деді депутат Зәуреш Аманжолова.

Ал "тыныштық режимін" бұзғандарға мынандай айыппұл салынады:

жеке тұлғалар үшін  – 5 АЕК (13 890 теңге);

шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдар үшін  – (20 АЕК) 55 560 теңге;

орта кәсіпкерлік субъектілер үшін  – 30 АЕК (83 340 теңге);

ірі кәсіпкерлік субъектілер үшін  – 100 АЕК (277 800 теңге).


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...