Қазақстан 2050 жылы ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесін 50%-ға жеткізуді көздейді

9 Желтоқсан 2019, 12:12
13824
Бөлісу:
Қазақстан 2050 жылы ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесін 50%-ға жеткізуді көздейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.  Қазақстан ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесін 2025 жылға қарай 25%-ға және 2050 жылы 50%-ға дейін арттыруды көздеп отыр. Бұл туралы ҚР ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді.

Бизнесті қолдау бойынша жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Мемлекет басшысының Жолдауында "Бизнестің жол картасы-2025" жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020-2022 жылдарға 250 млрд теңге бөлу тапсырылды. Бұл қаражат жақында қабылданған үш жылдық республикалық бюджет шеңберінде көзделген. Жол картасы бойынша барлығы 421 млрд теңге қарастырылған. Бұл 5 жылға арналған индикативтік сома, - деді Дәленов.

Министрлік анықтамасында айналым қаражатын несиелеу көлемі 60-тан 360 млн теңгеге дейін, грант мөлшері 3 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін  артатыны, 23 880 кәсіпкерді оқыту жоспарланып отырғаны айтылған. ШОБ топ-менеджментін оқытуға 1260 кәсіпорын басшысы қатысады. "Іскерлік байланыстар" жобасы бойынша Германияның бейінді шетел кәсіпорындарында 120 адам оқытылады. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтарында 420 мың кеңес және бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары бойынша 90 мың сервистік қызмет көрсетілетін болады.

Қабылданған шаралар жаңа жұмыс орындарын құруға, өнім шығаруды және бюджетке түсетін салықтық түсімдерді ұлғайтуға, сондай-ақ 2025 жылға қарай ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесін 25%-ға және 2050 жылы 50%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді, - деді ҰЭМ басшысы.

Өзгелердің жаңалығы