2025 жылға дейін 100 мың ІТ-маманды дайындауға күш саламыз – Мусин

2 Қыркүйек 2021, 20:32
10813
Бөлісу:
2025 жылға дейін 100 мың ІТ-маманды дайындауға күш саламыз – Мусин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында IT саланы дамытуға қатысты берген тапсырмаларының орындалу барысы туралы жазды.

Басты мақсат – 2025 жылға қарай АКТ өнімдерінің экспортын 500 млн АҚШ долларына жеткізу (қазір 30 мыңдай). Біздің сала басқаларға қолдау көрсетіп қана қоймай, экономикаға тікелей пайда әкеле алатынын дәлелдеуіміз керек. Бұл үшін ең алдымен ІТ-мамандардың тапшылығына қатысты мәселені шешу қажет, - деді ол.

Оның сөзінше, цифрландыру саласында жұмыс істейін кісілер ІТ-нарықта мамандар жетіспейтінін жақсы біледі. Сондықтан 2025 жылға дейін 100 мың ІТ-маманды дайындауға күш саламыз. Осы мақсатта математикаға қабілетті қазақстандықтарға жеке және мемлекеттік ІТ-мектептерде оқу үшін ІТ-ваучерлер беріледі. 2025 жылға дейін 20 мың ваучер беруді жоспарлап отырмыз дейді.

Сонымен қатар түлектердің сапасын көтеру үшін Білім және ғылым министрлігімен бірге ЖОО мен колледждердегі оқу бағдарламасы қайта қарастырылады. Бағдарламалаудағы көне сөздер (pascal, basic) мен ескі технологиялар келмеске кетеді. ІТ біліктілікті растайтын тәуелсіз орталықтар құрылады.

Сондай-ақ ІТ-нарық пен ұлттық компаниялардың коллаборациясы туралы мәселе көтерілді. Сатып алу үрдісі кезінде ұлттық компаниялардың назарын отандық тізілімге аударту үшін отандық бағдарламалық жасақтама реестрін одан әрі ұлғайтамыз. BI Group-тағы тәжірибеме сүйеніп айтарым, дәстүрлі салалар ІТ-мамандармен біріксе, жаңа стартаптар жасай алады. Қазақстан басқа елдермен салыстырғанда, қай салада басым? Міне, осы салаларды жасампаз ІТ-кәсіпкерлермен біріктірсек, біраз мәселе шешіліп, жаңашылдықтарға жол ашылар еді. Бұл орайда мұнай-газ, құрылыс, ТМК және уран өнеркәсібіне күш саламыз, - деп жазды Мусин.

Жас ІТ-мамандарға көмектесу үшін мемлекеттің және ұлттық компаниялардың қолдауымен венчурлық қорлар құрылады.

Цифрландыру мәселесінің екінші бөлігінде мемлекеттік басқаруды цифрландыру жайы көтерілді. Бұл орайда Президентке ЦТО бастамасын қолдағаны үшін алғыс айтамын. Ескі процестерді автоматтандыруға тосқауыл қоямыз. First реинжиниринг қағидасына көшеміз. Яғни цифрландырудан бұрын, алдымен үдерістерді жөндеп, жетілдіріп, жаңғырту керек, - деп түсіндірді ол.

Министр платформа жайлы да сөз қозғады.

Бұл тақырыпқа күдікпен қарайтындар көп, бірақ Гугл, Амазон, Алибаба, Яндекс, Каспи және басқалары негізінде цифрландырудың платформалық моделін пайдаланады. Ал бізде ше? Қазір бізде түрлі технологиялар мен бағдарламалардың көне тілдеріне негізделген 400 ақпараттық жүйе мен деректер базасы бар. Осының кесірінен кейде оп-оңай сервистерді енгізудің өзі бір жылға жуық уақытты алады. Сондықтан серіктестермен бірге платформалық үлгіге өтеміз. Сөйтіп ескі ақпараттық жүйеден жаңа заманауи қазақстандық платформаға көшіру тапсырыстары отандық ІТ-нарықтың одан әрі жандануына жол ашады, - деп жазды Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.

Нәтижесінде азаматтар қызметтердің 100 пайызын әп-сәтте смартфон арқылы ала алады.

Өзгелердің жаңалығы