2022 жылы құсбегіліктен Әлем чемпионаты өтуі мүмкін

8 Қазан 2021, 20:55
2932
Бөлісу:
2022 жылы құсбегіліктен Әлем чемпионаты өтуі мүмкін
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен ұлттық спорт түрі құсбегілік бойынша жиналыс өтті.

Жиналысқа Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы, Ұлттық және ат спорты орталығы, еліміздің 17 өңірінен құсбегілік бойынша өкілдері және Ұлттық спорт президенті Бекболат Тілеухан мен Құсбегілік федерациясының жаңадан тағайындалған басшысы Берік Уәли қатысты.

Жиналыстың күн тәртібінде құсбегілік спортының қазіргі жағдайы мен дамуы жолындағы өзекті мәселелер қаралды. Осы орайда Құсбегілік спорт түрінің қазіргі жай-күйі, алға қойылған мақсаттары мен міндеттері жайлы Спортты дамыту дирекциясының саятшылықтан аға жаттықтырушысы Базарбек Күнтуғанұлы баяндама жасады.

Құсбегілікті сақтап қалу мақсатында Ұлттық спорт қауымдастығы мен Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және денешынықтыру істер комитеті бүркітшілердің республикалық федерациясын құрып, саятшылықты спорт деп танып, құсбегілік ережелерін бекітіп, соған сай жарыстар өткізіп келеді. Осы сала бойынша бірыңғай күнтізбелік жоспар бекітіліп, Республикалық, Халықаралық және Әлемдік жарыстар өткізіле бастады, – деді ол өз сөзінде.

Пандемия салдарынан соңғы екі жылда өтуге тиіс жарыстардың кейінге шегерілгенін атап өткен ол, алдағы уақытта федерацияның күнтізбелік жоспарына сай жарыстар уақытылы өтетінін айтты.

Осы қазан айының 10-20 аралығында Маңғыстау облысында Республикалық VII «Ақбидай» ауыл спорты ойындары; 27-31 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы халықаралық турнир өтеді деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар Алматыда Әбілхақ Тұрлыбаев атындағы республикалық турнир, «Қыран-2021» құсбегілер арасындағы республикалық турнир қатарлы сайыстар қараша айына жоспарланған, – дейді Базарбек Күнтуғанұлы.

Сонымен қатар ол биылғы жылы Алматы облысында дәстүрлі «Сонар-2021» сайысы, Салбурын халықаралық турнирі және Тәуелсіздік күніне орай көкшетауда Мәсіп Батырханұлы атындағы халықаралық турнир өтетінін айтты.
Сонымен қатар 2022 жылы күнтізбелік жоспар бойынша құсбегіліктен Әлем чемпионатын өткізу жоспарланып отыр. Біздің тарапымыздан осы бастан дайындық жұмыстары басталды деуге болады. Еліміздің 12 облысынан бүркітшілер бөлімі ашылып, аға жаттықтырушылар жұмыс істеп жатыр. Қалған өңірлерден де алдағы уақытта бөлімшелер ашылады деп отырмыз, – деді құсбегі.

Өзгелердің жаңалығы