2022 жылға дейін 100 спорттық нысан салынып бітеді

24 Маусым 2020, 17:19
2328
Бөлісу:
2022 жылға дейін 100 спорттық нысан салынып бітеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы жолдауында үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырған болатын.

Өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет. Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырамын. Сондай-ақ қолданыстағы, әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулаларды, парктерді, саябақтарды жабдықтау қажет, - деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазір өңірлерде жолдау жүктеген міндеттер аясында қызу жұмыс қолға алынған. Былтыр орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова 100 спорт кешенін 2022 жылға дейін салып бітеміз деген болатын.
Елбасы өзінің жолдауында ел бойынша 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу керек деген тапсырма қойған болатын. Осы орайда, жергілікті әкімдіктермен бірге, салынатын жобалардың бәрі мақұлданды. Ол үшін терең талдау жасадық. Соның нәтижесінде, өңірлерде спорттық залдарға деген қажеттілік – 1 млн 457 мың шаршы метрді құрайтынын анықтадық. Жетіспеушілік – 51%-ды, оның ішінде ауылдық жерде 80%-ды құрап отыр, - деген болатын Ақтоты Райымқұлова.

Оның айтуынша, 2019 жылы 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтерсе, енді 2020 жылы - 48, 2021 жылы – 39 нысан салынбақ.
Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде 100 дене шынықтыру және сауықтыру кешеннің құрылысы жүріп жатыр. 2019 жылы 13 кешен ашылса, биыл 48-інің құрылысы аяқталады. Жалпы өткен жылы əр түрлі 1238 спорт нысаны пайдалануға берілген. Бұл қатарда елордадағы «Жекпе-Жек» сарайы, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпірұлы атындағы кешен, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі бар, -  дейді министр.

Ол салауатты ұрпақты қалыптастыру үшін балалар мен жасөспірімдерге жағдай жасалғанын атап өтті. 
2019 жылы 11 жаңа жасөспірімдер спорт мектебі ашылды. Жалпы республикада 477 жасөспірімдер спорт мектептері бар, онда 350 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер оқиды. Сонымен қатар, осы спорт мектептеріндегі секциялар ақысыз өткізіледі. Осы бағытта біз өз жұмысымызды жалғастырамыз.
Спортпен жүйелі түрде айналысатындардың саны күн санап өсіп келе жатқаны табиғи нәрсе. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 5,7 млн адамға жетті, оның ішінде 544 мыңы - балалар мен жасөспірімдер, - деді ведомство басшысы.

Бұл бағыттағы жұмыстар әсіресе, Алматы облысында қарқынды жүріп жатыр. Өңірдегі спорттың тізгінін 2008 жылғы Пекин Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев ұстағалы  инфрақұрылымға қатты көңіл бөлініп жатыр. Аймақта мемлекет пен жекеменшік арасындағы әріптестікті жүзеге асыру жұмыстары нәтижелі болып отыр. 
Былтырғы жылы Қарасай ауданы Шамалған ауылында тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен "Үшқоңыр" балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі мен Кеген ауданы Кеген ауылында "Нұр-Аман" дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылында спорт кешенін салып жатырмыз. Қазіргі таңда "Ауыл ел - бесігі" бағдарламасымен Ескелді, Балқаш, Көксу, Ұйғыр аудандарында 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылыс жұмыстары басталды. Алматы облысында 2021 жылға дейін осындай 20 спорттық кешен пайдалануға беріледі, - дейді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Жалпы, Алматы облысында биыл  7 жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолданысқа беріледі. Құрылыс жұмыстары Райымбек, Ескелді, Балқаш, Көксу, Ұйғыр, Қарасай және Ақсу аудандарында жүріп жатыр. Аталған алтауы күзде ашылады.

Сол секілді талай чемпиондарды тәрбиелеген,  әрісі Американы бағындырған Василий Жиров пен Геннадий Головкин секілді дүлдүлдердің отаны Қарағанды да қалысар емес. Облыстың шалғайдағы бірнеше ауданында жергілікті тұрғындардың саламатты өмір салтын  ұстануына тікелей ықпал ететін дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің (ДШСК) құрылыс екпінді түрде жүргізіліп жатыр.  

Былтыр облыстың іргесіндегі Абай қаласында 270 миллион теңгеге денешынықтыру және сауықтыру орталығы ашылған болатын. Заманауи стандарттарға сай салынған денешынықтыру-сауықтыру орталығы күніне 600 адамды қабылдай алады. спорт орталығында баскетбол, валейбол, шағын футбол, гандбол, дзюдо, күрес, жеңіл атлетика және тағы да басқа сияқты спорт түрлерімен айналысуға болады. Келушілердің ыңғайлылығы үшін киім ауыстыруға, душ қабылдауға арналған арнайы бөлмелер бар. Жаттығуларды 20 бапкер жүргізеді. Кешеннің бір ерекшелігі, мұнда мүмкіндігі шектеулі жандардың спортпен айналысып, салауатты өмір салтын сақтауына да жағдай жасалған. Сондай-ақ, орталықта 320 адамға шақталған көрермендер залы да бар.

Дәл осындай 320 орындық кешен Қарқаралы ауданыны орталығында  да басталады. Бұл ауданның Егіндібұлақ кентінде дәл осындай кешеннің жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр.

Ал Шахтинск қаласында, Жаңаарқа ауданындағы Атасу кентінде және Нұра ауданындағы Нұра кентінде жүзу бассейндерінің құрылысы басталып кетті. Одан бөлек, Қарсақбай ауылында 100 орындық, Ұлытау ауданының Жезді кентінде және Ақтас елді мекенінде 160 орындық спорттық сауықтыру кешендері салынатын болады.
Бюджеттен тыс қаражатқа Теміртау қаласында ДШСК, Қарағанды қаласында теннис орталығы және екі спорт кешені салынуда. Жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін Саран қаласының Ақтас кентінде, Нұра селосында, Ботақара кентінде ДШСК үшін жобалау-сметалық құжаттамалар жасалуда. Былтырғы жылы жылы облыс бойынша 29 хоккей корты, жасанды жабындысы бар 34 спорт алаңшасы және 10 Street Workout спорт алаңшасы орнатылды, - дейді Қарағанды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев.
  
Облыста ұлттық спорт түрлерін дамыту үшін барлық талаптарға сәйкес келетін ипподром құрылысын салу қажеттілігі бар. Ол үшін жер телімін (50 гектар) іздестіру және ипподром салу жобасын анықтау жөніндегі жұмыстар жүргізілуде екен.
Өзгелердің жаңалығы