2020 жыл. Ішкі істер саласында бір жылда не өзгерді?

31 Желтоқсан 2020, 09:33
2700
Бөлісу:
2020 жыл. Ішкі істер саласында бір жылда не өзгерді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2021 жылдың енуіне санаулы күн қалды. Дәстүр бойынша әр тұлға жылды қорытындылап, есеп береді. Өз саласындағы жетістіктердерді ерекшелеп, кеткен қателіктерді мойындап жатады. Қылмыс жасағандарды жазалайтын ішкі істер саласы үшін бұл жыл қандай болды?

Дерек пен дәйек

Биыл қылмыс саны 37 пайызға азайды. Ауыр қылмыстардың ішінде денсаулыққа зиян келтіру 12, зорлық 39, қарақшылық 52, тонау, бұзақылық деректері 45 пайызға төмендеді.

Қылмыстарды ашу көрсеткіші жақсарды. Ауыр қылмыстардың 64 пайызы, аса ауыр қылмыстардың 94 пайызы ашылды.

Дегенмен, карантин кезінде үйде отырып, алкогольді ішімдіктер ішу фактілері көбейді. Салдарынан тұрмыстық қылмыстардың саны өсті.

Ішімдік салдарынан адам өлтіру 15 пайыз, жасөспірімдерге қатысты зорлау фактілері 19 пайызға артқан.

Жағдайды дұрыстау үшін профилактикалық шаралар күшейіп, есепте тұрған азаматтармен жұмыс жүргізілген.

Педофилдер көбейген жыл

Биыл қоғамда пікірталас тудырған шулы істер де аз болмады. Оның басым бөлігі педофилдер мен агрессорларға қатысты болды.

2020 жыл. Ішкі істер саласында бір жылда не өзгерді?

Қазақстанның түзеу мекемелерінде кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстары үшін 1600-ге жуық сотталушы жазасын өтеп жатыр. Биыл ақпарат агенттіктері мен әлеуметтік желіден «Ақтауда бала зорланды», «Сәтбаевтағы баланы зорлаған күдікті қайтыс болды», «Түркістандағы педофил қолға түсті» деген жаңалықтар түспеді. Педофилдермен күресте оң нәтижеге жету үшін Ішкі істер министрлігі жыныстық қылмыс үшін жауапкершілікті күшейтті. Енді бұл аса ауыр қылмыс болып есептеледі, ол үшін ұзақ мерзімді бас бостандығынан айыру қарастырылып отыр.

«Педофилдерге» қатысты заңда көзделген жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін барлық шаралардың күші жойылды.

Жас балаларды зорлау (ҚР ҚК 120 - б.4-б.) және нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері (ҚР ҚК 121-б. 4-Б.) үшін оларды 20 жылға бас бостандығынан айыру не өмір бойы бас бостандығынан айыру (бұрын 17 жылдан 20 жылға дейін не өмір бойы бас бостандығынан айыру) көзделген. Бұл ретте кәмелетке толмағандарға жасалған жыныстық қылмысы үшін жазасын өтеген адамдарға әкімшілік қадағалау мерзімі бес жылға дейін ұзартылады.

Педофилдермен күресіп, оларды ұстауда ерлік танытқан полицейлер тікелей Президенттен марапат алды.

Солардың бірі - Бақытжан Бәкіров полицейден қашып құтылмақ болған күдіктінің соңынан 13 қабаттың терезесінен секірген еді.

2020 жыл. Ішкі істер саласында бір жылда не өзгерді?

Екі қабаттан төмендеу жердегі алаңқайға түскен құқық қорғау органының қызметкері табанын тайдырып алған болатын. Соған қарамастан, ол қылмыскерді қолынан бұрап, қасындағы әріптесі келгенше жібермей ұстап отырған. Алматы қаласының полициясы оны төрт күн бойы іздестіріп келген. Полиция майоры Бақытжан Бәкіровтің аяғына үш рет операция жасалды. Полиция қызметкері бұл ерлігі үшін «Айбын» орденімен марапатталды.

Учаскелік полицейлердің мәртебесін арттырған жыл

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында «учаскелік инспектордың мәртебесін заңнамалық тұрғыда көтеріп, оған нәтижелі жұмыс істеу үшін мүмкіндік беру керек. Ол азаматтарға таныс, қолжетімді және беделді болуы керегін» баса айтты.

Президенттің тапсырмасын Ішкі істер министрлігі бірден орындауға кірісті.

Учаскелік инспекторлар қарапайым азаматтармен күнделікті байланыс жасап, кез келген оқыс жағдайда бірінші болып көмекке келіп, олардың мәселелерін мұқият тыңдап, шешімін табуға көмектеседі. Тұрғындар түрлі проблемаларымен, отбасылық мәселелерімен немесе көршілермен жанжал туындаған кезде ең бірінші учаскелік инспекторларға өтінішпен жүгінеді. Учаскелік инспекторлардың күнделікті жұмыстары көзге көріне бермесе де, олар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау жолында күрделі жұмыстар атқарады. Халыққа жақын болу мақсатында учаскелік полицейлерді көршілер құрған топтық чаттарға «қосу» жұмыстары жүргізілуде. Ол чат арқылы барлық хабарларды жедел алып, шұғыл хабарламалар жасауға болады. Тұрғындар чатта ақпараттармен бөлісіп отырады, - деген еді министр Ерлан Тұрғымбаев.

Министрден – маркетинг

Биылғы маусымда Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев әлеуметтік желіде неге тіркелмегенін түсіндірген еді.

Күн сайын менің жеке блогыма ғана 500-ге жуық сұрақ келіп түседі. Егер де мен аккаунт ашатын болсам, тәулік бойы сонда отырып, сұрақтарға жауап беруім керек болады. Сол үшін тұтас бір департамент жұмыс істеп отыр. Оған бақылау тобы кіреді. Сондай-ақ, барлық қызмет түрлерінің өкілдері де бар. Азаматтарға жауап беріп, олармен кері байланыс орнату үшін кәсіби мамандар жұмыс істейді. Маған тікелей келетін мәселелердің барлығын жеке өзім қараймын, - деген еді.
Бірақ араға 4 ай салып, қыркүйекте министр facebook әлеуметтік желісінде ресми парақшасын ашты.

Министр қоғамда туындаған шулы істерге қатысты тікелей өзі пікір білдіріп, кейбір іс өзінің жеке бақылауында екенін жазатын болды. Желіге қосылған 4 ай ішінде министр 20-ға жуық жазба қалдырған. Осылайша, ІІМ халыққа тағы бір мәрте жақындай түсті.

Карантин VS реформа

Ішкі істер министрлігінің «басынан» түбегейлі реформа өтуі керек болған. Бірақ 2020 жыл тек ішкі істер саласының ғана емес, әлемдік деңгейде көп жоспардың күл-талқанын шығарған еді.

2020 жыл. Ішкі істер саласында бір жылда не өзгерді?

Полиция қызметкерлері төтенше жағдай кезінде алдыңғы шепте жұмыс істегендердің бірі болды. Алайда карантинде де ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасын іске асыру тоқтамаған.

- ұйымдастырушылық-штаттық құрылымды оңтайландыру нәтижесінде ішкі істер органдарының саны 10%-ға қысқартылды. ІІМ-нің 106 құрылымдық бөлімшесі және 1 483 басшылық лауазымы таратылды;

- реформа аясында жол-патрульдік полиция патрульдік болып қайта құрылды; 

- ішкі істер органдарын реформалау барысында жаңа полицей стандарты әзірленді;

- тіркеу-емтихан бөлімдері де жойылды. Қазіргі уақытта жүргізуші куәлігін алу үшін емтихандарды қабылдауды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жүзеге асырады;

- аға учаскелік инспекторлары институтын жандандырып, лауазымдық жалақыларын және лауазымы бойынша шекті арнаулы атақтарын көтеру көзделіп отыр;

-ішкі істер органдарында 2020-2021 жылдары мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін 10%-ға, квазимемлекеттік сектор ұйымдары қызметшілерін және 15%-ға қысқарту жоспарлануда.

Министрліктен бөлінген министрлік

Биылғы қыркүйекте Мемлекет басшысы елімізде Төтенше жағдайлар министрлігін құру туралы қаулы қабылдады. Министрлік Ішкі істер министрлігінің бірқатар өкілеттігін де алып кетті.

Төтенше жағдайлар министрлігі Ішкі істер министрлігінің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, Азаматтық қорғаныс, өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жоюдың мемлекеттік жүйесінің жұмыс істеуін және одан әрі дамуын қамтамасыз ету, өрттердің алдын алуды және сөндіруді ұйымдастыру саласындағы қызметі берілді.

Айта кетейік, Төтенше жағдайлар комитеті Ішкі істер министрлігі құрамында 2014 жылдың тамызынан бастап болған еді.

Өзгелердің жаңалығы